ІТ сала бойынша үздіктердің жобалары таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІТ сала бойынша үздіктердің жобалары таныстырылды

15.08.2018

ІТ сала бойынша жазғы тағылымдама аяқталып, үздіктердің жобалары таныстырылды. Жыл өткен сайын жас бағдарламашылардың қатары көбейіп отыр. «Метод Про» мектебі бастамасының әзірге әлемде баламасы болмаған соң шет мемлекеттерден де стартап жобаларын ұсынушылар бар. «Бұл - тың идея авторларына қанат бітіріп, мақсаттарының орындалуына арналған алаң», - дейді ұйымдастырушылар.

Ертуған мектепте робототехника пәнінен сабақ өтеді. Ол «шәкірттерім ІТ салада саңлақ болсын десем, өзімнің де жетілгенім дұрыс», - деген ұстанымда. Осы мақсат оны шабыттандырып, шараға қатысты. Жас ұстаздың жобасы Бас прокуратураны қызықтырған. Бұл «бейне камера арқылы адамның бет-әлпетін ажырату жүйесі» деп аталады. Жоба сәтті іске асса, көпшілік орындарға да орнатылуы мүмкін. 

Ертуған Мүслім, робототехника пәнінің ұстазы:

- Әр адамда бет жүзі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын бірегей 128 сан бар. Яғни, біреу өткізу пунктіне таянғанда камера арқылы оның базада бар-жоғын анықтай алады. Біз мұны әзірге тек прокуратураның қызметкерлері үшін енгіздік. Қазір олар ІD картамен өтіп жүр. Оны кейде ұмытып кетуі немесе өзге адам қолдануы мүмкін. Қауіпсіздік бастысы. Егер сынақтан сәтті өтсе, қылмыскерлерді де назарда ұстап отыра аламыз. Олар тиісті органдардың реестрінде бар.

Ертуған сияқты жас мамандарды «Метод Про» мектебі осымен екінші жыл қатарынан жинап, әрі қолдап отыр. Былтыр студенттердің 4 жобасы өндіріске еніп, 3 млн. теңге табыс тапты және ұлттық компанияларға қызметке шақыртылды. Ал, биыл қатысушылар аясы тіпті кеңіген. 15 шет мемлекеттен 1000-нан астам өтінім түсіп, тек 200 адам тағылымдамадан өтті. Жеңімпаздар 8 млн. теңге олжаға кенеліп, жайлы орындардан жұмыс ұсынылды.

Сұлтан Айтжанов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары:

 Мұны біз тегін өткіземіз. Балалар өздерінің ішкі потенциалдарын нығайту үшін келеді. Нарықты зерттейтін маркетологтар, бағдарламаны зерттейтін инженерлер, дизайнер балалар қатысады.

Тәуелсіз сарапшы Саясат Нұрбек «Оңтүстік Корея, Малайзия, Индонезия мен Жапония жеткіншектері біздің елдегідей жайбарақат жүрген жоқ», - дейді. Мәселен, Қытайда 4-2-1 формуласы бар. Яғни, отбасы мүшелері жабылып, бір балаға барлық ресурсты құяды. Сөйтіп, олар еңбек нарығына шыққанда өздеріне бек сенімді тұрады.

Саясат Нұрбек, тәуелсіз сарапшы:

- Өмірдің әр секундын саналы түрде өткізгендері көрініп тұрады. 3-4 жасынан уақыттары текке кетпеген. Зияткерлік, физикалық және адамгершілік тұрғысынан кірпіші қаланып өскен. Сосын бәрі дерлік инженер-техник мамандығына түседі. Біздегідей екінің бірі заңгер немесе филолог емес. Қазір бәсеке қарқыны қатты. Сол үшін өздеріңізді мүлдем аямаңыздар. Үнемі оқу, ізденіс, еңбек, тәжірибе керек.

«Бұл тағылымдама қабілеті жоғары технологтардың стартаптарына жан бітіруге зор мүмкіндік», -дейді ұйымдастырушылар. Мәселен, биыл отандық компаниялардың жұмысын жетілдіру үшін жаңа 40 жоба-шешім шығарылды.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу