Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Жәпек батыр ауылының тұрғындары ауызсусыз отыр

14.08.2018

Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Жәпек батыр елді мекенінің тұрғындары бір айдан бері ауызсусыз отыр. Бұған су құбырын жүргізген мердігер компанияның салғырттығы себеп болып отыр. Өйткені, олар орнатқан су құбыры мемлекеттік стандартқа сай болмай шыққан. Алматыға тиіп тұрған ауыл халқы жаздай сусыз отырғанымыз аздай, қақаған қыста құбыр жарылып тағы сусыз қаламыз ба, деп алаңдаулы.

Ащыбұлақ ауылына қарасты Жәпек батыр елді мекені тұрғындарының наразы дауысы осындай ащы. Ащы болмай қайтсін, тіршіліктің нәрінен таршылық көріп отыр. Негізі ауыл тұрғындарының бір бөлігі суды өз күштерімен үйді-үйге кіргізіп алған. Алайда, оны жаңалаймыз деген мердігер су құбырының орнына кәріз құбырын салып жіберген.  

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

-Міне, мен қазір тұрғындардың бас ауыртар базынасына айналған құбырдың ішінде тұрмын. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, негізі мемлекеттік стандарт бойынша су құбыры 1 метр 60 сантиметр, болмаса 1 метр 80 сантиметрде көмілуі керек. Өйткені, бұл жердің қысы қатты. Қазір метрлікпен мен өлшеп тұрмын. Ауызсу құбыры 1 метр 10 сантиметрде көмілген. Демек, бұл қыстың кез келген күнінде ауыл тұрғындар сусыз қалуы мүмкін.

Тұрғындардың базынасын айтып ауыл әкімдігіне бардық. Алайда, әкімшіліктің ғимаратынан бұл істің басын ашып, өршіген дауға қатысты нақты жауап беретін маман табылмады. 

Ал, отыз жыл ғұмырын осы салаға арнаған тәуелсіз сарапшы Бексұлтан Әбдірайым-тегі «Жәпек батыр ауылындағы құбыр тарту жұмысы мемлекеттік стандартқа сәйкес келмейді», - дейді. Оның үстіне қолданылған сапасыз материал ертең қосымша жұмыс пен еселенген қаржыны қажет етеді.  

Маманның сөзіне сүйенсек Жәпек батыр ауылындағы су құбыры жарамсыз екенін аңғаруға болады. Сондықтан, бұл даудың ұзаққа созылатын түрі бар.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу