«Каспий теңізі - біздің елдерді бөлетін емес, керісінше біріктіретін киелі мекен». Бүгін Ақтауда басталған бесінші Каспий саммитінің ашылуында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. 20 жылдан астам уақыт бойы сарапталып, сараланған тарихи құжатқа бүгін қол қойылды. Конвенция Каспий теңізі қойнауындағы қазба байлықты игеруге заңды негіз болмақ.
Каспий төңірегіндегі экономикалық, экологиялық, көлік-логистика және теңіздегі қауіпсіздік мәселелері қатысты 6 бірдей құжат бекіді. Жалпы, қарт Каспийдің қойнауы қазба байлықтан кенде емес. «Қара алтынын» айтпағанда, қара маржан уылдырық пен бекіренің өзі - баға жетпес қазына. Теңіздің қайраңынан қаншама елдің табыс тауып отырғаны қазір баршаға аян. Ақтауда бекітілетін құжатқа сай, әр елдің Каспий теңізі акваториндегі шекаралары шегенделді. Каспий теңізінің байлығын бөлісуге қатысты келіссөздер сонау 1994 жылдан бері жалғасып келді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Каспий теңізі адамзат тарихында орасан маңызға ие мекен. Бұл жерде дүниедегі табиғи қазба байлықтың көп мөлшері шоғырланған. Әрі Каспий теңізі геосаяси түйткілдердің түйіскен жерінде тұр. Өңір арқылы стратегиялық көлік жолдары өтеді. Каспий теңізі біздің елдер ғана емес, Еуропа мен Азияны жалғайтын көпір екені баршаға аян. Каспий бестігіне мүше мемлекеттерде 240 млн. халық тұрады. Аталған елдер қарыштап дамып келеді. Әр мемлекеттің өз мүддесі бар. Ширек ғасыр бұрын Каспий келіссөздері басталған кезде біздің елдер келіседі дегенге көп адам күмәнмен қарады. Ұзақ уақытқа созылған келіссөздердің нәтижесінде Ақтауда ортақ шешімге келіп отырмыз.
Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев «5 мемлекет теңіздің экологиялық тазалығын сақтап, биоресурстарды дамытуды мықтап қолға алу қажет», - деді саммит барысында. Осы тұрғыда Әзірбайжан 2015 жылы теңіздегі қалдықтарды бақылайтын арнайы орталық салған. Ильхам Алиев осы орталықтың мүмкіндігін өзге де елдер пайдалана алатынын айтты. Сондай-ақ, ол Әзірбайжанның мүмкіндігін пайдаланып, өзге де елдермен сауда-саттықты арттыруға дайын екендерін жеткізді.
Ильхам Алиев, Әзірбайжан Республикасының Президенті:
- Әзірбайжанның теңізде 260-тай кемесі бар. Бізде теңіз қатынасында ешқандай ауытқу болмайды. Әзірбайжан Каспийдегі маңызды көлік-логистикалық орталығы саналады. Біздің мүмкіндігіміз Еуразия кеңістігіндегі елдерге тиімді. Сондай-ақ, жақында ашылған Баку-Тбилиси-Карс темір жолын да айта кеткен жөн. Биыл жүздеген вагон жөнелтіп үлгердік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті еселей түсеміз. Каспий маңы елдеріне есігіміз айқара ашық.
Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани 5 жақты келісімде қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылғандығын алға тартты. Мәселен, аймақтағы мәселелерге өзге елдердің әскери құрылымдары араласа алмайды. «Бүгінде Каспий достық пен сыйластықтың, ынтымақтастық пен әріптестіктің ортасы ретінде қалыптасты. Осы үрдісті жалғастыру үшін біз бар мүмкіндікті пайдалануға тиіспіз», - деді ол.
Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:
- Каспий теңізі 5 мемлекетке ғана тиесілі. Кез келген әскери базаның құрылысы, әскери кемелердің жүруі, су асты кемелерінің қозғалысы, әскери ұшақтардың теңіз үстімен ұшып өтуі, тіпті, өзге елдің жүгі тиелген кемелердің өтуіне тыйым салынады. Бұл қауіпсіздік сақталуының кепілі екендігі сөзсіз.
Каспий маңындағы елдер теңіздің тағдырына немқұрайлы қарамайды. Бұған ширек ғасырға жуық жүргізіліп келе жатқан сан тақырыптағы келіссөздер дәлел. «Сол себепті мен үкімет мүшелеріне, сарапшыларға алғыс айтамын»,-деді саммитте сөз алған Владимир Путин. Сондай-ақ, Ресей мемлекетінің басшысы 6 профильді уағдаластыққа келейік деген ұсынысын білдірді. Бұл экономикалық, құқықтық, экологиялық сияқты мәселелерде ортақ шешім шығаруға шақыру болатын. Владимир Путин бес елдің кеме экипаждары арасында байланысты нығайту керек деді. Бұл теңіздің биоресурстарын қорғап, жағалау күзетін нықтауда өзара тәжірибе болмақ.
Владимир Путин, РФ Президенті:
- Каспий маңы елдерінің сарапшылары су транспортын дамытып, туризм жөніндегі мәселелерге үңілсе екен. Яғни, туристерге бүкіл теңізді шарлап шығуға мүмкіндік жасау керек. Сондай-ақ, жағажайларда да демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Айдын-бұл қолда бар алтынымыз. Уақытында қадірін білсек, коммерциялық тұрғыдан қай-қайсымызға да пайдасы мол. Біз қазір Петер лагерін ұйымдастырып жатырмыз. Бұл судағы саяхатқа арналған жоба.
Саммитте сөз алған Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Каспий маңы елдері басшыларын жинаған Қазақ Президентіне алғысын айта келе өз ұсынысын жеткізді. 2019 жылы алғашқы Каспий экономикалық форумы өтпек. Сол жиынды Түрікменстанда өткізуге ниетті екенін айтты.
Гурбангулы Бердімұxамедов, Түрікменстан Президенті:
- 2019 жылы өтетін Каспий экономикалық форумын Түрікменстанда өткізуді ұсынамын. 2010 жылғы өткен саммитте Каспий теңізінің қауіпсіздігі туралы келісімге қол қойған едік. Бүгін ол бойынша тағы 3 протоколға қол қойылды. Терроризммен күрес, ұйымдасқан қылмыспен күрес және шекарааралық қарым-қатынастың қауіпсіздігі. Бұл - бүкіл Каспий маңы аймағының қауіпсіздігін сақтауға сеп болмақ. Бұл орайда әскери қызметтің жұмысын жетілдіруді қажет етеді. Каспий теңізі - бейбітшіліктің символы болуы керек.
Ширек ғасырға жуық талқыға түскен теңіздің тағдыры енді 5 мемлекетке тиесілі болды. Нақты шекаралар белгіленіп, аймаққа қатысты әр мәселе заңды келісімге сай шешілетін болды.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ