Жаңақорған ауданында балалар 1939 жылы салынған мектепте оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданында балалар 1939 жылы салынған мектепте оқуға мәжбүр

10.08.2018

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында балалар 1939 жылы салынған мектепте оқуға мәжбүр. Осыдан 4 жыл бұрын ғимаратқа техникалық  сараптама жасалған. Соның негізінде «Апатты жағдайдың алдында» деп қорытынды шығарылған соң, білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бірақ, мәселе онымен бітер емес.

Мектеп 340 балаға лайықталған. Бірақ, былтыр 1164 оқушы осында білім алды.  Екі ауысым, үш ауысыммен, әйтеуір, әупірімдеп  оқу жылын аяқтады.  Парта-орындықтың сиқы мынау, бала саны көп болғандықтан осындай ескі-құсқыны да пайдаланады.  

Жаңақорған кентіндегі №169 мектеп 2014 жылы жаңадан салынатын мектептер тізіміне енгізілді. Бірақ, осы уақытқа дейін оның тек жобалық- сметалық құжаттары дайындалды.

Мейірхан Оспанов, Жаңақорған аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өту сатысында. Жобаның жобалық құны 1 жарым миллиард теңгені құрап отыр. Ертең экспертизадан қорытындысын алғаннан кейін, бюджеттік өтінімімізді ұсынып, жоба құрылысы салынуға берілетін болады.

Осы ауданда тағы бір проблемалы мектеп бар. Ол – Аққұм ауылында.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Ауылдағы жалғыз мектеп осы. 2001 жылы асар әдісімен салынған. Ешқандай  жағдай жасалмаған. Сынып кабинеттері талапқа сай келмейді. Қыс болса көмір жағылады, пешпен жылытылады. 

Санаулы бөлмелер пән кабинеттері ретінде ыңғайластырылған. Ауыл балалары амал жоқ, өркениет көшінен қалып қойған мектепте білім алуға мәжбүр.

Жиенбай Жанысбаев,  мектеп директоры:

- Спорт зал жоқ болған соң, қиындық туғызады. Әсіресе, қыста қарда, жаңбырда амал жоқ балалар сынып бөлмесінде отырады. Асхана жоқ.

Елді мекенде былтыр 100 орындық жаңа мектептің құрылысы басталған болатын.  Мердігер компания мектепті жаңа оқу жылына дейін  бітіріп беруге тырысуда. Егер, ол болмаса, аққұмдық балаларға ескі мектепке қайта баруға тура келеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу