2020-шы жылға дейін республикадағы 30 мың шақырым жол қайта жөндеуден өтеді. Бірақ бұл жолы шақырым көлеміне емес, сапасына мән беріледі. Өйткені Елбасы тапсырмасы солай.
Былтырдың өзінде еліміздегі республикалық маңызы бар 2200 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Оның ішінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 812 шақырымындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Бұл жөнінде бүгін еліміздің Көлік және коммуникация министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім болды. Министрлік өткен жылға есеп беріп, биыл атқарылатын жұмыстарды жүйеледі.
Көлік және коммуникация министрлігі. Салаға теміржол, авиация, жалпы сіз бен бізді діттеген жерімізге апаратын бар көлік кіреді. Ұялы телефонның тарифіне, интернет желісіне де жауапты.
Былтыр жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда 5,5 пайызға артқан. Бұдан тыс 1250 шақырым теміржол желісі салынып, 631 шақырым жол бастан-аяқ жөнделіпті. Келер жылға да жоспар жақсы. 294 миллион тонна жүк тасымалданады, 20 миллион жолаушы ары-бері қатынайды.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Көлік және коммуникация министрі
«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол құрылысын аяқтау көзделген. Локомотив паркінің тозу деңгейін төмендету мақсатында жаңа 700 локомотив сатып алынады және 90-ы күрделі жөндеуден өткізіледі. 2020 жылға дейін жүк теміржолы паркі жаңа 20 мың вагонмен толығады.
Авиация саласы. Сын жоқ емес, бірақ ілгерілеу де бар. Әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасады. Бұған қоса, 2020 жылға дейін 24 ішкі және 75 халықаралық әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр. Сол 75-тің 15-і биыл ашылады. 2013 жылы 13 ұшақ сатып алынса, 2014 жылы 14 ұшақ әкелінеді.
ХХІ ғасыр - жаһандану, жаңару ғасыры. Күні кеше ғаламтордың барына қуанатын жұрт, қазірде 3G, 4G дейтін қызметтің озық түрін пайдаланады. Көбіне қалалық жерлерде. Сондықтан министрлік заманауи қызметті облыс орталықтарына кезең-кезеңімен енгізбек. Бұған қоса, ұялы телефондардың тарифін төмендетпек.
Енді жол туралы. Биыл ғана күрделі жөндеуден өткен жол, келер жылы-ақ тозығы шығып, қайта жөндеуді қалайды. Бұл белгілі әдет. Елбасы елдегі жолдардың сапасын жақсартып, жүйелі жұмыс жүргізуді Үкіметке тапсырған еді.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жолдың сапасына қатысты мәселелер өзекті. Қазіргі уақытта жергілікті маңыздағы жолдардың 40 пайызы және республикалық жолдардың 20 пайызының жағдайы қанағаттанарлықсыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа үлкен көңіл бөлу керек. Сонай-ақ әлі күнге дейін қоғамдық көлікпен қамтылмаған елді мекендерге автобустарды қолжетімді ету керек. Өйткені, 2015 жылдың бірінші қаңтарынан Кедендік одақ аумағында Еуро-5 стандарты енгізіледі. Ресей мен Беларусьте бар. Бұл біздің елге қатысты. Көлік және коммуникация министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар еліміз Еуро-5 стандартына көшкенге дейін автобус парктерін мейлінше жаңартулары қажет.
Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді министрлік межесінде орындауға мүдделі. Кезең-кезеңімен, санға емес, әуелі сапаға мән бермек. Өйткені, тақтайдай жол, әуедегі қауіпсіз қатынас, желі жылдамдығы - бәрі-бәрі заман талабы.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ