Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары ұмытылуға айналған 50-ден астам қазақ тағамдарының жасалу жолы зерттеліп, көпшілікке ұсынылды. Соның күнделікті ас мәзірінде сирек кездесетін 20- ға тарта түрі Павлодарда жасалды. Ал, арнайы ұйымдастырылған «Қоянды жәрмеңкесінде» Біржан сал мен Керекудің Майрасы ән салды.
Ертіс өзенінің шалғынды алқабында өткен этномәдени фестивальге Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей елінің өкілдері келді. Олар көшпенді халықтың тұрмысы, салт-дәстүрі мен жоралғыларын көріп, ұлттық ойындарға қатысты.
Нұрғайша Баринова, РФ Алтай өлкесінің тұрғыны:
- Шара кең көлемде өтіп жатыр. Ресейдің Түмен, Астрахан, Челябі облыстарынан, Алтай өлкесінен қаншама қонақ жүр. Соның барлығын көтеріп, осының барлығын құрметтеп, барлығына жағдай жасап жүрген облыстағы қандастарымызға көп алғыс айтамыз.
Зауытбек Тұрысбек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:
- Нағыз қазақ - Ертіс жерінде. Жасаңыздар! Бүгінгі тойға жердің түкпір-түкпірінен бар қазақ жиналып отыр. Бүгін біз бәріміз табысып жатырмыз, танысып жатырмыз. Құдай қаласа, осы бірлігіміз мәңгі болсын.
Фестиваль барысында ғылыми конференция, дәстүрлі әндер сайысы өтті. Аймақтардан келген театр ұжымдары тарихи қойылымдарды көпшілік назарына ұсынды. Көшпелі кітапханада «Тәуелсіздік дәуірі» атты көрме ұйымдастырылды.
Шолпан Шахметова, С.Торайғыров атындағы кітапхана директоры:
- Осы тұсаукесерде барлық кітапханалар еліміздегі атаулы оқиғаларды инсталляция түрінде көрсетті. Осының бәрі жұртшылық кітаппен таныссын деген мақсатпен жасалып отыр. Өйткені, бұл кітап біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы, шежіресі.
«Ұлы дала» фестивалінің негізгі тұғыры - ұлттық дәстүрді жаңғырту. «Жаһандану тұсында өзге мәдениеттің ықпалында кетпес үшін ұрпақ жадын жаңғыртуды көздедік», - дейді ұйымдастырушылар. Сондықтан, фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.