Алакөлдегі атты серуен! Еліміздің бір топ танымал тұлғалары Алматы облысының Алакөл ауданында ұзақ қашықтыққа, атқа отырып сейіл құрды. Мұндағы басты мақсат - отандық туризмді дамытып, қалың жұртты ат спортымен шұғылдануға насихаттау.
Лепсі ауылының қариясынан бата алғандар бірден сапарға аттанды. Топ құрамында кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, ережесіз жекпе-жек спортының жарқын жұлдызы Арман Оспанов сынды азаматтар бар. Сондай-ақ, қолдарына қырандарын қондырып, тазы жетектеген бүркітшілер мектебінің өкілдері мен кәсіпкерлер де осы топтан табылды.
Серуенге шыққан серілер 50 шақырымға жуық жолды бірде желіп, бірде шауып, бірде жаймен жүріп өтті. Салт аттылардың ішіндегі ең кішісі 9 жаста. Ералы Бауыржанұлы алты жасынан тұлпар мініп шабандоздыққа машықтанып жүр.
Ералы Бауыржанұлы, жас шабандоз:
- 50 шақырым маған қиынға соққан жоқ. Маған атқа мінген ұнайды. Қазір қайтқан кезде атпен қайтамын.
Салт аттылардың көздеген межесі Алакөл ауданындағы көрікті жерлердің бірі Жамантас жайлауы. Бұл жерде қазір 10 мыңдай жылқы, бір үйір түйе, бірнеше табын сиыр, тіпті жабайы қодас та жайылып жүр.
Жамантас жайлауы теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Ұйымдастырушылар бұл жерді бекер таңдап алған жоқ. Ел-жұрт осы тұмса табиғатты көрсін дейді. Ал, ондағы басты мақсат - отандық туризмді дамыту.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Біз неге тауға шығамыз? Біз неге жоғары ұмтыламыз? Себебі, жоғары ұмтылған сайын адамның көзқарасы, адамның рухани байлығы, адамның өзіне деген, еліне деген қошаметі ерекше сезіммен анықталады.
Жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілген. Қазақ жылқы мінезді халық деген түсінік те қанымызға сіңгелі қашан. «Сондықтан, текті түліктің қасиетін дәріптеу бізге міндет», - дейді белгілі кәсіпкер.
Бауыржан Оспанов, «Жерсу» корпорациясы басқару кеңесінің төрағасы:
- Бір тұқым аттың өзінде қасиеті бар бойында. Қандай мықтылық. Былтыр біз осы жерден үш тәулік Астананың ар жағына жүріп барған аттарды көрдік. Бір ат ауыспай 90 шақырымды 9 сағатта өтіп кетті. Ал, таза қанды аттарды бес рет ауыстырды. Бір адам бес рет ат ауыстырды.
Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясындағы бұл бастама жалғасын таппақ. Келешекте бұдан да ұзақ қашықтықтарды бағындыру жоспарланған.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.