Жуырда «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» әуе рейсі ашылған болатын. Енді Қызылордадан Ташкентке автобус қатынай бастады. Мұнан кейін Өскеменге, Көкшетауға да тікелей қатынас орнайды. Сыр елінде халықаралық жолаушы тасымалын жетілдіру тұрғысында осындай ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Сыр өңірінде көлік саласы қарқынды дамуда. Былтыр 200 автобусқа арналған халықаралық талаптарға сай келетін, замануи үлгідегі автобус паркі іске қосылды. «Қызылорда-Жезқазған» пойызы арқылы Арал өңірінің елді мекендері көлік қатынасымен қамтамасыз етілді. Ал, биыл «Мәскеу-Қызылорда» әйе рейсі ашылып, жұртшылықтың қуанышы еселенді. Енді халықаралық терминал құрылысы басталмақ.
Ержан Әбдіхалықов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Жаңа терминал салуға қазақстандық ірі құрылыс мекемелері қызығушылық танытып отыр. Ол «БАЗИС» компаниясы және «BI Group» компаниясы. Терминал барлық стандартқа сай келеді. Сағатына 150 жолаушыны қабылдай алады.
Көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысындағы жұмыстар әлі де жалғасады. Ал, соның нәтижелі жүзеге асуы сала еңбеккерлеріне тікелей байланысты. Өз ісінің нағыз мамандары мен сала ардагерлері Көлік қызметкерлері күніне орай өткен шарада Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен облыс әкімінің марапатына ие болды.
Бөрібай Өтегенов, «Еңбек ардагері» медалінің иегері:
- Қаншама жұмыс атқарылып жатыр. 50 жылдықта, 100 жылдықта болмаған нәрсені іске асырып жатыр. Соған үлесімді қосамын.
Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,5 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Шіркейлі арнасына көпір салынады. Жол бойында орналасқан 5 өткелге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.