Ақтөбе облысының әкімдігі өткен жылы миллиардтаған қаржыны тиімсіз жұмсаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының әкімдігі өткен жылы миллиардтаған қаржыны тиімсіз жұмсаған

02.08.2018

Ақтөбе облысының әкімдігі өткен жылы бір миллиард теңгеден астам  бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған. Бүгін Есеп комитеті осы облыстағы қазына қаржысының игерілуіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады. Тексеріс  облыстағы он нысанда болған.  Нәтижесінде қазірдің өзінде 14 дерек бойынша қаржылық тәртіп бұзушылықтар құзырлы органдардың қарауына жіберілген.

Есеп комитетінің өкілдері Ақтөбе облысына бюджеттен берілген 37 миллиард теңгенің жұмсалуын тексерген. Нәтижесінде 468 миллион теңгеден астам қаржы мақсатсыз жұмсалса, 1 миллиард теңге тиімсіз жаратылған. 

Қаржыны тиісті тәртіппен таратпаудың  174 фактісі тіркелген. Мысалы, облыс орталығында 300 орындық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы жобалық құжаттарды қайта қарау үшін тоқталыған. Құрылыс тоқтағанына қарамастан әкімдік мердігер компанияға 1 миллиард 115 миллон теңге көлемінде аванс аударған.  Бас мемлекеттік аудитор Бердібек Сапарбаевтың 28 жастағы орынбасарына судың да сұрауы бар екені ескертті.

Наталья Годунова,  Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы:

- Сіз айтып тұрсыз, аванс бердік, бұл заңға қайшы емес деп. Алайда, тубдиспансердің жобалық-сметалық құжатнамасы құрылыс нормаларына сәйкес болмағандықтан кері қайтарылған. Солай бола тұра, сіздер үлкен көлемде аванс аударғансыздар. Мұны заңға қайшы емес деп қалай айтуға болады?Алдағы уақытта мұндай жайттарға жол бермеу керек.

Аудит жүргізілген  тағы бір нысан қала ішілік және магистральды газ құбырының құрылысы. Жобаға 19 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып, құрылыс аяқталған. Алайда, тиісті компанияның меншігіне әлі күнге дейін берілмеген.

Рашит Ахметов, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі:

- Белгіленген тәртіп бойынша газ құбыры пайдаланушы компаниялардың меншігіне берілуі керек еді. Алайда, әлі күнге дейін оларды күтіп-баптауға облыс бюджетінен қаржы бөлініп келеді. Бүгінге дейін 224 миллион теңге жұмсалған. Бұл облыстың бюджеті үшін үлкен ауыртпалық. 

Жиында жоспарлау мен қазына қаржысын тиімсіз жұмсаудың да бірнеше фактісі айтылды. Мысалы, облыста көп оқушыға арналып салынған жаңа мектептерде оқушы саны аз. Яғни, оқушы болмаса да үлкен мектептер салынып, қаржы тиімсіз жұмсалған. Есеп комиеті анықтаған қаржылық кемшіліктер бойынша облыс әкімі өткен аптада арнайы жиын өткізген. 

Олжас Сұмағұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- Бердібек Мәшбекұлы Есеп комитеті анықтаған кемшіліктер бойынша арнайы жиын өткізді. Онда нақты тапсырмалар беріліп, оған жауапты мамандар мен кемшіліктерді жоюдың мерзімдері бекітілді. Жоспарлы түрде қаржылық тәртіпті реттейтін боламыз.

Қазірдің өзінде мемлекеттік аудиттің 14 материалы құзырлы органдардың қарауына жіберілген. Есеп комитетінің қорытындысы бойынша тағы бірнеше дерек жолданатын болады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу