Елордалық сақшылар рейдке шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық сақшылар рейдке шықты

30.07.2018

Астаналық сақшылар көңіл көтеру орындарына күтпеген жерден тексеріс жасап, бірқатар заңсыздықтың бетін ашты. Тәртіп сақшыларының тексеріс жасауына қала тұрғындарының бизнес иелерінің үстінен жазған арызы түрткі болған. Рейд барысында түнгі клуб, кафе-ресторандарда тиісті құжаттарсыз қызмет етіп жүрген аспаздар мен даяшыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, тіркеу заңын бұзған үш Өзбекстан азаматы анықталды. Біреуінің құжаты болмағандықтан қабылдап-тарату орнына жеткізілді.

Арнайы жасақ сарбаздары мен сақшыларды бұл жерде ешкім күтпегені көрініп тұр. Түнгі клуб қызметкерлері сөзінен жаңылып, мекеме басшыларына телефон шалып сасқалақтады. Әйтпеген жағдайда, оқалы киім киген қонақтардың келуіне алдын ала дайындалып, ішкі тәртіпті жөнге келтіріп қояры сөзсіз еді. Тексеріс барысында бірқатар азаматтың тіркеусіз жұмыс істеп жүргені анықталды. Хаттама толтырылды.

Ал, мына мекемеде кәмелет жасына толмаған бала ди-джей болып жұмыс істеп жүр. Ол еш еңбекшартына қол қоймағанын, әзірге тек тәжірибеден өтіп жүргенін айтып ақталды.

Санитарлық кітапша. Бұл рұқсат қағаз қоғамдық тамақтандыру орындарының басты құжаты. Астаналық полицейлердің айтуынша, дәл осы құжатты қолдан жасаушылар қатары күрт көбейген.

Елордалық тәртіп сақшылары мұндай рейдтерді жиі өткізбек. Сол себепті, көңіл көтеру мекемелерінің иелері полицейлердің келуіне алдын ала дайындалып, құжаттарын сақадай сай қылуы ләзім.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу