Ақмола облысында егіс алқаптарын күтіп-баптауда ақылды технологиялар кеңінен енгізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында егіс алқаптарын күтіп-баптауда ақылды технологиялар кеңінен енгізілуде

27.07.2018

Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы түрлі дақылдарды өсіруде дәлдік қағидасын кешенді түрде қолданып жатыр. Әзірге бұл пилоттық жоба.

Дрон арқылы алқап бастан-аяқ зерттеледі. Белгіленген аумақты аппарат 40 минут ішінде түсіріп шығады.    

Дмитрий Матулин, инженер: 

- Дәлдік деңгейі ұшу биіктігіне байланысты. Неғұрлым аласа ұшсақ, соғұрлым дәл түседі. Мәселен, мына жерде біз пикселге 20 сантиметр дәлдікпен әуефото түсірілім жасап жатырмыз. Биіктігі шамамен 300 метрге дейін жетеді. 

Деректердің бәрі басқару орталығына жіберіледі. Орталықтың міндеті - мағлұматты өңдеп, қажетті ұсыныстар әзірлеу. Мұнда алқаптардың барлығы бақылауда.

Ермек Оразалин, «Agro-smart» компаниясының өкілі:

- Мұнда біз алқаптардың сандық нұсқасын жасадық. Барлық техника жайлы ақпаратты енгіздік. Енді біз олардың қозғалысын, жағдайын толық бақылай аламыз. Әуеден және жерден бақылау арқылы өсімдіктердің өсу деңгейін анықтаймыз. Кейін нақты шешімдер шығарамыз. 

Жиналған мәліметтердің негізінде қай жерге қанша тыңайтқыш, зиянкестерге қарсы химиялық заттар себу керектігі анықталады. Дәлдік әдіс деген осы. Артық шығын жоқ. Жұмыстардың алғашқы нәтижелері де бар.  

3 мың гектар аумақты алып жатқан алқаптағы жобаның нәтижесі орақ науқаны аяқталғанда шығарылады.  Ал қазір ғалымдар мен диқандар мол өнім алу үшін ғылымның мүмкіндіктерін барынша қолданып, өңдеу жұмыстарын жүргізуде.  

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу