Бірқатар қылмыстың жазасы жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар қылмыстың жазасы жеңілдейді

27.07.2018

Қазақстандағы сот-құқықтық реформалар аясында қылмыстық саясатты ізгілендіру шаралары атқарылып, тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілді. Жақында, яғни осы айдың соңында ол өзгерістер күшіне енеді. Бұл туралы еліміздің Бас прокурорының орынбасары Марат Аxметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, саладағы саясатты ізгілендіру аясында Қылмыстық кодекске - 262 өзгеріс, Қылмыстық-процессуалдық кодекске - 45, сондай-ақ, Қылмыстық-атқару кодексіне - 9 өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, адам өліміне қатысы жоқ 247 қылмыс бойынша алғаш рет қоғамдық жұмыстар баламалы жаза ретінде қолданыла бастайды.

Бұдан бөлек, айыппұлдың ең төменгі мөлшері 500 айлық есептік көрсеткіштен 200-ге дейін азайтылады және оны үш айда емес, алты айдың ішінде төлеуге мүмкіндік беріледі. Ал, экономикалық қылмыстар бойынша ірі және аса ірі көлемдегі шығын мөлшері екі есеге ұлғаяды. Осыған байланысты сотталған  2,5 мың адамның жазасы қысқарады. Олар негізінен мүлікті талан-таражға салу мен алаяқтық үшін түрмеге қамалғандар. Жалпы, ізгілендіру шаралары 5 мыңдай адамды қамтиды, -  дейді Марат Аxметжанов.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу