Соңғы бес жылда Павлодар облысындағы суармалы егіс алқаптарының көлемі екі есеге ұлғайып, 47 мың гектарға жетті. Ал, 2022 жылға дейін бес есеге көбейту жоспарланып отыр. Бұл үшін республикалық бюджеттен 78 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Ең бастысы, шаруалар суармалы егіншіліктің пайдалы екендігіне көз жеткізді. Мәселен, ылғалды жерде өскен өнімнен түскен кіріс жұмсалған шығыннан 5 есеге дейін көп.
Игорь Щербак суармалы жерлердің көлемін арттырумен үш жылдан бері тұрақты айналысып келеді. 1200 гектар алқапты алдағы бес жылда 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Себебі, аймақта ауа райы күрт өзгеретін құбылмалы екені белгілі. Пісіп жетілуі ерте немесе кеш тұқым сорттарын салғанның өзінде диқандар астықты жинай алмай қиналады.Талай шығынға батқан Игорь Щербак ақыры тұтастай суармалы егіске көшті.
Игорь Щербак, «Құндыз» шаруа қожалығының басшысы:
- Міне, өнім жайқалып тұр. Сабағына қарап-ақ топырақта жатқан картоптың біркелкі жетіле бастағанын көруге болады. Енді біраз күндерден соң ерте піскенін жинап алып, сатылымға шығарамыз. Оңтүстік облыстардан және көрші Ресейден келіп тиімді бағамен сатып алады.Топырақты ылғалдандырудың арқасында біз картопты баға түспей тұрған кезде өткізіп жібереміз.
Қашыр ауданында суармалы жерлерді игерумен қатар суды үнемдеудің тың тәсілдері қолданылып жатыр. Ол үшін Еуропа, Америка және Канададан жаңа технология сатып алынды. Енді топырақты тамшылатып және жаңбырлатып та ылғалдандыруға болады.
Жанат Шұғаев, Қашыр ауданының әкімі:
-Биыл 504 гектар қостық. Аудан бойынша 2100 гектар суармалы жерлеріміз бар. Бұл өте пайдалы. Мемлекет тарапынан үлкен көмек тиіп отыр.
Әзірге суармалы жерлер өңірдегі егін алқаптарының үш пайызын ғана құрайды. Яғни, 47 мың гектар жер. «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны келер жылдан бастап кеңестік заманда суарылған 42 мың гектардан астам алқаптарды қайта қалпына келтірмек.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.