Бүгін Алматыда «Құқық тәртібі» жедел алдын алу шарасы басталды. Тексеру қаладағы криминалдық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған. Жоспарлы рейдке 2000 полиция жұмылдырылды. Сондай-ақ, Ұлттық гвардияның жеке құрамы да қатысты. Рейд кезінде 40 жастағы ер кісі есірткімен ұсталды.
Бұл «Жібек жолы» базарындағы қосалқы автобөлшектерді сататын сауда орындары. Тексеру кезінде самсап тұрған заттардың заңды құжаты мен қожайыны да жоқ болып шықты. Алайда, сатушылар «бөлшектерді ұрылардың қолынан алмаймыз, арнайы қоймадан әкелеміз», деген уәж айтты.
Қайрат Аятаев, «Жібек жолы» базарының әкімшісі:
- Қосалқы бөлшектерді Жапония, Америка, Латвия, Германиядан әкеледі. Құжаттарының жоқ болу себебі қожайындар қосалқы бөлшектерді Шымкенттен әкеліп сатады. Өйткені, ол жақта кедендік салық арзан деп естідім.
Сұраныс болған соң, ұсыныс та бар. Десек те, рейд барысында ұрланған автобөлшектерді анықтау мүлдем мүмкін болмады.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:
- Заң бойынша полиция қызметкерлері баса-көктей кіріп, құжатын, ішіндегі дүниесін тексеруге құқығымыз жоқ. Өздеріңіз білесіздер, шағын және орта бизнеске қолсұғушылық болып есептелуі мүмкін.
Тексеру кезінде Есірткі саудасына қарсы күрес басқармасының өкілдері күдік тудырған 40 жастағы азаматты ұстады. Тәртіп сақшылары оның автокөлігін тінтіп, ішінен қағазға оралған шөп тәрізді есірткі тапты. Марихуана тәркіленіп, химиялық сараптамаға жөнелтілді.
Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің өкілі:
- Бұрын-соңды бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша сотталған азамат екен. 1,5 жыл бұрын бостандыққа шығып, қазіргі таңда осы жерде жұмыс істеп жүр. Оның сөзіне қарағанда, он жыл бойы осындай есірткі заттарды қолданған. Қылмыстық кодекстің 296-бабының нормаларына сәйкес, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделіп отыр. Егер саудаға салғаны анықталса, жаза мөлшері едәуір көбейеді.
Полицейлер заңсыз саудамен айналысқан бірқатар сауда орнын уақытша жапты. Олардың заңды немесе заңсыз жұмыс істегендігін тиісті органдар анықтауға кірісті. Ал, «Құқық тәртібі» шарасы 29 шілдеге дейін жалғасады.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.