Павлодар облысында монополистерге ескерту жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында монополистерге ескерту жасалды

25.07.2018

Павлодар облысында жыл басынан бері «Бәсекелестік туралы» заңды бұзған монополистік компанияларға 7 рет ескерту жасалды. Бірақ, олар айылдарын жимаған. Енді монополистердің тұрғындардан артық төлем алғаны анықталып отыр. Мәселен, облыс орталығындағы тұрғын үйлердің жедел сатысына қызмет көрсетумен екі бірдей компания айналысқан. Ал, пәтер иелері екі түбіртек бойынша ақы төлеп, шығынға батқан.

Үш жыл бұрын Павлодарда жылу мен суды тұтыну мөлшерін есептеудің жаңаша тәртібін енгізген монополист тағы тарифты өзгертпек. Кезінде тұтынушы үшін ұтымды деп жарияланған дифференциалды тариф енді алпауыт компания үшін тиімділігін жоғалтса керек. Құйтырқы әрекетке тосқауыл болуға өкілетті органның өзі шарасыз.

Олег Костенко, облыстық Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

- «Тұрғындарға  есептегіш құрылғы  орнатып, шығынға ұшырадық», - дейді монополист. Яғни, есептегіші бар тұрғындар бұрынғыдан гөрі аз төлейді. Демек, олар табысының бір бөлігінен айырылды. Негізі  әрбір адам жылу мен суды тұтынғанына қарай төлеуі тиіс. Алайда,  монополистке  бұл тиімсіз көрінгендіктен олар бізге маусым айында тарифті көтереміз деп ұсыныс жасады.  Біз қарсы болдық. Олар істі сотқа берді .Сот біздің әрекетімізді заңсыз деп тапты.

Монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау мекемесі апелляциялық шағым түсіріп, бұл істі соңына дейін жеткізбек. Бір бұл ғана емес, тұрғындардан  заңсыз төлемақы жинаған тағы бір кәсіпорынның заңсыз әрекеті әшкереленіп, мекеме мемлекетке ірі көлемде айыппұл төлейтін болды. Лифттерге қызмет көрсетумен айналысатын серіктестік тұрғындарға екі түрлі түбіртек жіберіп, ай сайын ақша жинап келген.    

Әлия Тұрсынбаева, облыстық Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

- «Лифт Тех Центр» серіктестігі заңды өрескел бұзған. Олар бәсекелес компания жайлы жалған ақпарат таратып, жұмыс істеуіне кедергі жасайды. Сөйтіп,  пәтер иелерінің кооперативі басшысымен ымыраласып жедел сатыға қызмет көрсететін екінші компания ретінде келісімшарт рәсімдеген. Оның біріншісі тұрғындар келісімімен, екіншісін төраға өзі жасаған. Сотта бұл дерек дәлелденіп, «Лифт Тех Центр» серіктестігіне 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.  ПИК басшысы жұмыстан шығарылды.

Ал, жедел саты қызметі үшін жиналған артық қаржы пәтер иелеріне қайтарылады.

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу