Астанада «Тұран-Сығанақ» үлескерлері 4 жылдан бері баспаналарын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Тұран-Сығанақ» үлескерлері 4 жылдан бері баспаналарын ала алмай жүр

23.07.2018

Астанада «Тұран-Сығанақ» тұрғын үй кешенінің үлескерлері 4 жылдан бері баспаналарын ала алмай жүр. Әкімдік жанындағы мекемеаралық комиссия да бұл мәселені шеше алмай келеді. Елордада қазір келіскен пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүрген 15 мыңдай үлескер бар. Құрылысы бітпеген 58 тұрғын үй кешені қаңырап бос тұр.

Астана төріндегі бұл үйдің құрылысы 2015 жылы бітуі тиіс еді. Алайда, мінекей, төрт жыл болды, төрт қабырғасы ғана қалқиып, қаңырап тұр. «Тұран-Сығанақ» тұрғын үй кешеніне топтасқан 93 отбасы үй-күйсіз тентіреп жүр. Үлескерлер мәселесін шешу мақсатымен бір емес, екі кооператив құрылып, қайта қосылған. Алайда, екінші кооператив тұрғындардың бір тобын құрамына қоспай отыр.

Ұлғаным Рысқалиева, үлескер, қала тұрғыны:

- 1 бөлмелі үйге 7 млн. 800 мыңдай салдым. Қайта-қайта Сергей Хорошунге кіріп, мәселемізді шеше алмай жүрміз. Ол кісі біздің пікірімізбен санаспайды. Қарапайым халықтың атынан, 93 адамның атынан сөйлеп тұрмын.

Сәуле Меңдіғарина, үлескер, қала тұрғыны:

- Менің пәтерім 2-ші кіреберіс 3-қабат 9-пәтер. Соған 72 мың доллар ақшаны санап бердім. 4-5 жыл өтті. 5 жастағы немерем бар. Енді қалай болатынын білмеймін.

Үлескерлер бүгін осы түйткілді шешуі тиіс мекемеаралық комиссияны жақтаған жиынға келіп, шағымданды. Алайда, бірлестік төрағасы шағымданушы топтың өздерін кінәлады.

Татьяна Чурсина, Астана үлескерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Құрылысшының құжатын тексермейтін үлескерлердің өздері кінәлі. Мысалы, үй салғандар 72 пәтердің орнына 149 пәтер саламын деп, халықты алдаған. Ал, жоба тек 72 пәтерге арналған. Үлескерлер, әуелі өздеріңіз мұқият болыңыздар. Кейін әкімдікті кінәлап шыға келесіздер.

Татьяна Чурсина «қазір үлескерлер саны азайды, мәселе шешіліп келеді», дейді. Оған мысал ретінде бұрын Астанада құрылысы тұралап қалған 243 нысан болса, қазір 58 тұрғын үй кешені бар екенін алға тартты. Дегенмен, 15 мыңдай үлескер әлі үйлеріне кіре алмай, тіпті кеңседе түнеп жүр. Олар енді тағы бір сот шешімін күтіп, әділет іздейді.

   

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу