Алматыда автобустардың соқтығысуынан 21 адам зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда автобустардың соқтығысуынан 21 адам зардап шекті

23.07.2018
Алматыда автобустардың соқтығысуынан 21 адам зардап шекті

Қоғамдық көліктердің соқтығысынан азаматтар зардап шегетін жол-көлік оқиғалары азаяр емес. Алматыда екі автобустың бетпе-бет соқтығысуы салдарынан 21 адам зардап шекті. Оқиға кеше күндіз қаланың Достық пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, қарсы бетке шығып кеткен автобусты өз жолымен бара жатқан қоғамдық көлік соғып тоқтатқан. Егер бұлай жасамағанда жүргізушісі жоқ автобус жеңіл көліктерді барып соғып, зардабы одан да үлкен болары еді.

Кеше таңертең Достық көшесінде өз жолымен жүріп келе жатқан Бердалы Әбсаттар қарама-қарсы жүргізушісі жоқ автобустың келгенін көреді. Қауіптен қашып құтыла алмайтындығын сезген ол қоғамдық көлікті соғып тоқтатады.

Бердалы Рысбеков, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Екінші автобус қарсы келе жатты. Неге олай келе жатқанын білмеймін. Жолаушылардың қауіпсіздігін ойлап, соққыға өз жағымды қойдым.

Апаттың салдарынан жүргізуші жарақаттанды. Қоғамдық көлікте болған 21 адамға жедел жәрдем көмек көрсетті. Оның үшеуі - бала. Қазір олардың бесеуі ғана ауруханада жатыр. Қалғандары тиісті медициналық көмектен кейін дәрігердің кеңесімен үйлеріне қайтты. Ал, бес науқастың жағдайы бірқалыпты.  

Нұржан Исабеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Негізгі жарақат - бас ми жарақаты, аяқ-қолдағы жұмсақ тіндердің жарақаты және аяқ-қолдардың сынуы.

Жол-патрульдік полицияның сөзінше, қазір оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша тергеу амалдары басталған. Алдын ала болжам бойынша қарсы жолаққа шыққан автобустың жүргізушісі қол тежегішін тартпаған. Сондықтан, автобус жүріп кеткен. Ал, төрт баланың әкесі 34 жастағы Бердалы он жылдан бері автобус жүргізетін тәжірибелі маман. Сөйтіп, ол небәрі үш секундтың ішінде шешім қабылдады. Сондықтан, жарақаттанғандар болғанымен, кісі өлімі жоқ.  

Бердалы Рысбеков, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Менің бір қуанып отырғаным, бүкіл жолаушы аман қалды.

«Алматыэлектркөлік» ЖШС басшысы Ризван Тынаев зардап шеккендерге өтемақы төленетіндігін айтты.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу