Қызылордада тұрғын үйдің кәріз құдығынан шыққан лас су далаға төгіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада тұрғын үйдің кәріз құдығынан шыққан лас су далаға төгіліп жатыр

23.07.2018

Қызылордада 2 миллиард 600 миллион теңгеге салынған қалдық суды тазарту станциясы толыққанды жұмыс істей алмай тұр. Соның салдарынан облыс орталығындағы 20 мыңнан астам жеке тұрғын үйдің кәріз құдығынан шыққан лас су далаға төгіліп жатыр. Ал, шайын суды тазартумен айналысатын жеке кәсіпкерлер соның өзіне ақша төлейтіндерін айтып, шағымданады.

Шафкаттың ассенизатор көлігін табыс көзіне айналдырғанына 5 жыл. Қаладан екі шақырым жердегі жасанды су қоймасына ол күніне бірнеше рет келеді.

Шафкат Хамидуллин, кәсіпкер:

- Күніне 4-5 рет келемін. ГАЗ 53 500 теңге, ал, ЗИЛ 700 теңге.  

Бұрын қалдық су орталықтағы кәріздік-насостық станцияларға құйылатын. Қазір оған рұқсат жоқ.      

Жәнібек Беркенов, кәсіпкер:

- Бізге осы жерде шағын КНС салып берген. Ол күнара бұзылады. Мына жер қашық, жол нашар. Машина бұзылады.

«Кәріздік-насостық станция істемесе де, лас су бұл жасанды қоймаға төгілмеуі тиіс», - дейді «Қызылордасужүйесі» мекемесінің басшылығы. Қала ішіндегі станцияларға құйғанды да құп көрмейді. Жеке кәсіпкерлер «бекерден-бекер ақша төлеп жатырмыз», деп налыса, мемлекеттік мекемедегілер ассенизатор көлік иелерінің әрекетін заңсыз санайды. Тіпті, оларға сот шешімімен айыппұл салынып, 700 мың теңге өндірілген.

Мәселе қалдық суды тазарту станциясы толық қуатында жұмыс істегенде ғана шешілмек. Сол себепті басшылық «2005 жылдан бері жөндеу көрмеген нысанды жаңалаймыз», деп отыр.

Тілеуберген Қаныбетов, «Қызылордасужүйесі» МКК директоры:

- Қазір сараптамадан өтіп жатыр. Содан кейін ақша бөлініп, әрі қарай жұмыс атқарылады. Ол бірнеше жылдан бері келе жатқан қара темір.

Қазір станция 30 мың текше метр суды ғана қабылдай алады. Одан артыққа шамасы келмейді. Сондықтан, қаланың орталықтандырылған кәріздік жүйесінен шыққан лас су далаға ағып жатыр.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу