Қарағанды өңірінің жасы 20-дан енді асқан ең белсенді әрі іскер 10 азаматы 1 миллион теңгеден облыс әкімінің грантын алды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған бұл қайтарымсыз қаржыны аймақ басшысы жастар форумында тапсырды. Ал, соңғы 12 жыл ішінде ауылдағы жас кәсіпкерлерге 33 миллион теңгеден астам қаражат берілген. Соның арқасында бүгінде 170-ке жуық азамат өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Сонымен қатар, биыл облыста 1400 орындық 3 бірдей жатақхана салынбақ. Ал, жаңа оқу жылынан бастап колледждерде газ қондырғыларында жұмыс істейтін мамандарды оқыту ісі қолға алынады. Сондай-ақ, биыл дәрігерлер, мұғалімдер және инженерлерді даярлау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 60 грант бөлінбек. Ол бірінші кезекте ауыл жастарына беріледі.
Жалғас Қабылқайыров, фермер:
- 2015 жылы 20 бас малмен бастадым. Қазіргі таңда 101 басқа жетті. Сонымен қатар, шаруа қожалығында 1848 гектар жер бар. Оның 550 гектарына әр түрлі дәнді-дақылдар егіледі.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ