Азаматтар жол жүру картасын пайдаланса ғана, жолақы бұрынғыдай 90 теңге болып сақталмақ. Мұндай шаралар қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын жоюға, бюджетке түсімдерді молайтуға бағытталып отыр. Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістер қаланың көлік жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жасалып жатыр. Көпшіліктің күнделікті қатынау құралына айналған автобустар айналасында тағы қандай жаңашылдық бар?
Сонымен, қоғамдық көлікке қатысты өзгерістер ертеңнен бастап күшіне енеді. Ең бірінші жаңалық – баға құнына байланысты. Мәселен, күнделікті автобуспен жүру үшін 90 теңге төлесек, ертеңнен бастап ол 180 теңгеге дейін өседі. Ал, қолыңызда картаңыз болса, баға бұрынғыдай болып қала береді. Сонымен қатар, автобусқа міну тәртібі де өзгерді. Енді жолаушылар тек қана алдыңғы есіктен ғана кіре алады. Кейін олар мынадай валидатор құралына карта арқылы жол ақысын өтейді. Картасы болмаған жағдайда, 180 теңгені жүргізушінің өзіне төлеуі қажет.
Жалпы, оқушылар үшін жол жүру құны өзгеріссіз қалды. Қыркүйектің 1-не дейін бұрынғыдай 40 теңге болып қала бермек. Ал, оқу жылы басталысымен, карта алмаған оқушылар 90 теңге төлеуі шарт.
Сондай-ақ, арнайы жеңілдіктері бар жолаушылар мен ҰОС ардагерлері тегін жүреді. Тек қолдарында жеңілдікті растайтын құжаттары болуы тиіс.
Тұрғындарға электрондық карталарды сатып алуға 21 шілдеге дейін уақыт берілген еді. Тек соңғы екі күнде 16500 көлік картасы сатылған. Жыл басында көлік картасын қолданушылар 5% болса, қазір ол 50%-дан асты.
Егер, электрондық картаны оқитын валидаторлар жұмыс істемей тұрса, жолаушылар автобуста тегін жүруге құқылы.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ