«Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын жетілдірмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасын жетілдірмек

19.07.2018

Төрт басты басымдық белгіленді. Бұл туралы партия Төрағасының бірінші орынбасары Астанада өткен кеңесте айтты. Жиында әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі талқыланды. Бас шаһардағы әлеуметтік нысандар мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына қолайлы болуы керектігі жайлы сөз қозғалды. Жалпы елімізде 1 млн-ға жуық жарымжан жан бар.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүмкіндігін шектеп жатқан жоқпыз ба?

Астанада 23 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. 2012-2016 жылдар аралығында 400 нысан, ал 2017 жылы арнайы бағдарлама аясында тағы 705 нысан паспорттаудан өтіпті.

Индира Бегайдар, тілші:

- Бүгінде мыңнан астам нысанның 70 пайызы мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толығымен жасақталыпты. Ал біз қазір елордадағы адам көп келетін ойын-сауық орталығына барар жолдағы жерасты өткеліне келдік. Бұл жердегі пандуспен қаншалықты қауіпті екенін көрейік.

Жарты сағат бойы қоларбамен түсу үшін алыстым, өтіп бара жатқандар көмекке келді. Пандусқа қоларбаның дөңгелектері келмейді, яғни, ешбір талапқа сай емес.

Пандустың дұрыс салынбағандығы үшін кәсіпкер 400 АЕК (907 600 тг) көлемінде айыппұл төлеуі қажет. Бөріктей төбеге, тақиядай дөңге шығудың өзіне зар болып жүргендердің бірі -  Алмаз Ержан. Басқасын айтпағанда, қалалық әкімшілікке кірудің өзі қиямет қайым дейді.

Енді «Нұр Отан» партиясы осындай олқылықтардың орнын жоймақ «Кедергісіз келешек» жобасына жаңа серпін беріледі. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевың айтуынша, нақты төрт басымдық белгіленді. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына ыңғайлы әрі кедергісіз жағдай жасалуы қажет. Екіншіден, осы санаттағы балалардың инклюзивті білім алуына көмектесуіміз керек. Үшіншіден, мүгедектерге тұрақты жұмысқа тұруына қамқорлық жасау. Олар ақша тауып, өзін-өзі асырай білуі керек. Төртіншіден, осы саладағы заңнаманы жетілдіру.

Енді Алмаз Ержанның бар үміті «Кедергісіз келешек» жобасында.  Себебі, ол да барлық азаматтармен қатар қалаған жеріне барғысы келеді.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.   

Хабарламаларға жазылу