Актриса Зәмзәгүл Шәріповамен қоштасу рәсімі М.Әуезов атындағы театр ғимаратында өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Актриса Зәмзәгүл Шәріповамен қоштасу рәсімі М.Әуезов атындағы театр ғимаратында өтеді

16.07.2018

Белгілі актриса 1931 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы «ХХ партсъезд» ауылында дүниеге келген. 1947 жылы Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында және Қазақ радиосында еңбек еткен. 1953 жылы М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданып, сол уақыттан бері еш үзіліссіз осы театрда жұмыс істеп, 100-ден аса бейнені сомдаған.

«Заман-ай» көркем фильміндегі Балзия ананың рөлін сомдаған атақты актриса - Зәмзәгүл Шәріпова. Халық әртісі театр мен кино өнеріндегі айрықша бейнесімен көрермендердің жүрегінде қалды. Ешбір актрисаға ұқсамайтын ерекше бояу бедері бар Зәмзәгүл апа әр кейіпкері арқылы көрермендерін сендіре білді.  

Ұлттық классикада Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» Ақтоқты, тағы да басқа осы заманғы драматургияда да өзіндік қолтаңбасы қалды. Ал, әлемдік классикаға келсек, Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, Горькийдің «Күннен туғандарында» Елена сынды кейіпкерлерін шынайы сомдады. Десек те, Зәмзәгүл Шәріпованың актриса ретінде театрдағы төлқұжаты болған бейнесі Қарагөз еді.

Қазақ өнерінің майталманы Зәмзәгүл Шәріпова театр мен кино актриса ғана емес, көркемсөз оқудың шебері болды. Қайталанбас тұлғаның реңі мен әуезділігі бөлек дауысын қалың ел әлі күнге дейін жазбай таниды. Ал, актрисаның кешкі ертегілері Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Марқұммен қоштасу рәсімі ертең сағат 10:00-де Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу