Арқар-меринос, қылшық жүнді немесе қазақы қызыл қой. Кеңестік дәуірде қазақ жері Ресейден кейін қой саны бойынша екінші орында болды. Ал қаракөл елтірісін дайындаудан бірінші орында еді. Одан кейін тоқырау заманында экономиканың барлық саласымен бірге бұл сала да біраз тұралап қалды.
Дегенмен қазақтың қой өсірудің қыр-сырын жетік меңгергені анық. Қазір жүргізіліп жатқан интеграциялық үрдістер шағын және орта бизнеске, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік туғызып отыр.
Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір. Алайда атакәсіптің қазір пайдасын көре алмай отырған жайымыз бар. 90 жылдардың басында елде 35-37 милллионға дейін қой болса, қазір елде 18 миллиондай ғана қой қалған. Ал табиғи өнімге шекаралас елдерді айтпағанда, алыс шетелдерде үлкен сұраныс бар.
Бауыржан Қасенов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсiптiк кешен комитетiнiң жетекшісі:
Мысалы, Иран жылына 40 мың тонна қозы етін сатып алуға қызығушылық танытып отыр. Бірақ біз бұл сұранысты қанағаттандыра алмаймыз. Десе де біздің бұл салада әлеуетіміз жоғары. Кедендік одақ аясында қазір ветеринарлық қадағалу жеңілдетіліп, рұқсат берудегі қағазбастылық азайды.
Үкіметке ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу міндеті жүктелгені белгілі. Бұл ретте қой шаруашылығын дамыту да маңызды. Қой санын кеңестік кезеңдегіге жеткізе алмасақ та, өңірлерде осы кәсіпті нәсіп еткен шаруалар жоқ емес.
Алматы облысындағы «Көктем» шаруа қожалығы АҚШ пен Жаңа Зеландиядан Гемпшир және Суффольк тұқымды қойларды алып келген.
Владимир Спиваков, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:
Суффольк тұқымының ерекшелігі майынан еті көбірек. Қазір сұраныс майдан көрі қара кесек етке артып отыр. Сондықтан осы тұқымды жерсіндіріп, пайданы арттыруға болады.
Шаруа қожалығы өсіріп отырған тағы бір қой тұқымы Гемпшир деп аталады. Дүниежүзіндегі қой шарушылығымен айналысатындардың 70 пайызы тап осы тұқымға басымдық беріп отыр.
Алмазбек Садырбаев, «Көктем» шаруа қожалығының басшысы:
Гемпшир тұқымы бұрынғы жылдары бізде болған. Саны 70 мыңға дейін жеткен. Ал мына жаңа тұқым - Суффольк тұқымы. ТМД елдерінде жоқ.
Бұл - төрт түлік өсіріп, кәсіпке қылып отырған бір ғана шаруа қожалығы. Елімізде 190 миллион гектар табиғи жайылым бар екенін ескерсек, мал шаруашылығының, оның ішінде қой шаруашылығының болашағы зор екені сөзсіз.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ