Қысы-жазы бірқалыпты ағатын су көзі туралы әр түрлі аңыздар көп. Ол туралы әйгілі зерттеуші, саяхатшы Шоқан Уәлиханов та өз күнделігінде жазған. Бұлақтың емдік қасиеті, бойға қуат берер күші бар деп Қапал ауылына халық әлі де үзілмей келіп жатыр.
Қапал ауылының тұрғыны Ораз Қырықбаев Тамшыбұлақтың суынан сауығып кеткен жандардың бірі. Ол 1997 жылы инсульт алып, төсек тартып жатып қалған. Денесінің сол жақ бөлігі қимылсыз болса да, қысы-жазы осы қайнар суына түсіп жүрді. Зейнеткер «Тамшыбұлақ маған екінші өмір сыйлады», - дейді.
Ораз Қырықбаев, Қапал ауылының тұрғыны:
- Судың қасиеті бар деп сенемін. Өйткені, мені аяғыма тұрғызды.
Шипалы бұлақтың мыңдаған тамшылары ғасырлар бойы үздіксіз жер қойнауынан шығып сылдырлап ағып жатыр. Бұлақ суының дәмін татуға жасы да, кәрісі де арнайы келеді. Тамшыбұлақ туралы аңыз да көп. Солардың бірін зерттеуші Шоқан Уәлиханов жазып алған екен.
Айсәуле Жайлаухан, кітапханашы:
- Қашғарияға бара жатқан кезде тоқтап, ақсақалдардан бұл су туралы сұраған кезде, ол кісілер Шопанның ұлы мен байдың қызы қосыла алмай қалып, солардың көз жасы екенін айтқан.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Тамшыбұлақтың әр жерден аққан суы әр түрлі дертке ем. Бір жерінде көзге шипа болса, енді бір жері асқазанға пайдалы. «Сондықтан, су құрамы әлі де ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді», - дейді қапалдықтар.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.