«Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдау өтті

04.07.2018

Бүгін 20-дан астам азаматқа партиялық құжат табысталды. Президент нұротандықтардың сапасына көңіл бөлу керектігін айтқан еді. Сондықтан, бүгін мүшелікке өткендердің өмірі көпке үлгі, белгілі бір салада жетістікке жеткендер. Ең бастысы, бейімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне назар аударылды.

Атамекенім деп ән салып, Отанына деген шексіз махаббатын білдірген бұл ауыл мұғалімі Абзал. Ол Жапонияның маңдайалды оқу орындарының бірін тәмамдаған, біраз жыл Англияда тұрған. Бірнеше тілді еркін меңгерген. Жас маман мегаполистерде емес, ауыл балаларына білім беріп жатыр. Бүгін Абзал нұротандықтардың қатарына қосылды.

Ал, Нияз Сүндеталиев осыдан 6 жыл бұрын 4-қабаттан құлап, төсекке танылған еді. Оған операция жасау үшін 2 жыл күту керектігін айтады. Сол кезде халықтан жиналған 5,5 миллион теңгені ем-дом қажет ететін науқас балаларға жұмсау қажет деп шешіп, қайырымдылық қорына аударды. Қазір де өзгеге мейірбандықпен қарап, қолұшын созған Нияз да бүгін нұротандық атанды.

Ал, Аят кәсібінен нәсібін көріп отырған жан. Кофе сататын орындары бар, жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Аяттың арманы орындалды бүгін, ол да партбилетті қолына алды.

Жауапкершілік жүгі деген болады. Абырой биігі аласармау керек деген сөз. Еңбекте озат, ғылымда  алда келе жатқан, бизнестің беделін көтеріп жүргендер, жалпы, партия қатарына қосылғандардың қатарына әр сала өкілдері кірді. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының 1 миллионнан астам мүшесі бар. Санға емес, сапаға мән берілмек. Партия төрағасының бірінші орынбасары жаңадан қатарға қосылғандарға біз бәріміз жұдырықтай жұмылып, Елбасының сенімді тірегі болып, жаңғыру процесстеріне белсене араласуымыз керек деді.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Есілдің ерке елордасы Астананың 20 жылдығымен баршаны құттықтады. Бұл Қазақ елінің мәңгілік ел болып қалыптасуының мызғымас нышаны деді. Бірқатар партия қызеткерін төсбелгімен және құрмет грамоталарымен марапаттады.

«Нұр Отан» билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Әрине, жетекші партияның мүшелеріне қойылар талап зор, артылған міндет, жүгі ауыр. Сондықтан, «Нұр Отан» трансформацияны қолға алып, кадрдың сапасын арттыруда. Ал, бүгін жаңадан мүшелікке өткендердің әрқайсының артында санқилы тағдыр бар. Бірақ, олардың енді мүддесі бір. Оларды таныстырған партия, табыстырған партия. Олар енді бір-біріне демеу болады. Олар енді елдің дамуына елеулі еңбек етеді.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу