Қарағанды облысында қазақ тарихы мен әдебиетінің ең көрнекті өкілі, Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына орай «Көмекей әулие» атты деректі-көркем фильм түсірілуде. Туындының қоюшы-режиссері Арман Әлімжанов. Сценарий авторлары - облыстық «Сарыарқа» телеарнасының редакторы, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Әшімхан Жәмпейісов пен тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев. Ал, басты рөлде Бұқар жырауды сомдаушы Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов. Бұқар Жырау Жоңғар басқыншылығы тұсында қазақ халқының тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмір сүрді. Осындай алмағайып заманда Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәні терең толғауларымен қайраткер жырауға айналды. Бұқар баба азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың төл әдебиетіміздегі бейнелерін жасады.
Тілектес Мейрамов, Қазақстанның Халық әртісі:
- Бұқар бабамыздың қазақ әдебиетінде, қазақ тарихында, еліміздің руханиятында қаншалықты зор орын алатынын барлығымыз білеміз. Сондықтан, осы сынды ірі тұлғаларымызды насихаттап, келер ұрпаққа жеткізу біздің борышымыз, міндетіміз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.