Елорданың ботаникалық бағында ғылыми аймақ құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың ботаникалық бағында ғылыми аймақ құрылады

02.07.2018

Бұл туралы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен жиында белгілі болды. Ботаникалық бақтың ашылу қарсаңында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге Германия, Франция, Италия, Ресей, Беларусь, Украина және өз еліміздің ғалымдары қатысты. Олар ботаникалық бақтың болашағы мен климаты күрт өзгеріп тұратын Астанада өсімдік әлемін сақтап қалудың амал-тәсілдерін қарастырды.

Сарыарқаның сары даласында бұрын-соңды кездеспеген өсімдіктер енді таңсық болмайды. Аумағы 100 гектарға жайылып жатқан жасыл аймақтың ғылыми базасы ерекше өсімдіктер өсіріп, зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры:

- Бұл базада ғалымдарымыз флорамызды, генетикалық ресурстарды зерттейді. Өйткені, өздеріңіз білесіздер ауа райы өзгеріп отыр. Соған байланысты біраз өсімдіктер азайып жатыр. Сол себепті мұны генетикалық қор деуге болады.

Ботаникалық бақтың құрылысы 2 жыл бұрын елбасының тапсырмасымен басталған. Қазақстанның барлық аймағы мен әлемнің әртүрлі елінен әкелінген өсімдіктер ғылым үшін ғана емес, туризмді дамыту үшін септігін тигізбек. Оның ашылу қарсаңында қонақтап келген шетелдік меймандар бақтың болашағы үшін маңызды кеңестерімен бөлісті.

Дмитрий Гельтман, В.Л.Комаров атындағы ботаникалық институт директоры:

- Кез келген ботаникалық бақ ерекше күтімді қажет етеді. Ал, Астанадағы бақтың географиялық орнын тиімді пайдалану керек деп ойлаймын. Экзотикалық ерекше флораға ғана емес, дала өсімдіктеріне де үлкен мән берілуі тиіс. Яғни, Қазақстанның ғана емес, Еуразия аумағының өсімдіктерін айтып тұрмын. Осылайша, Астанада Солтүстік Американың шалғынды көгалы іспеттес жасыл аймақ құруға болады.

Ал, қарапайым халық үшін ботаникалық бақ сүйікті демалыс орнына айналмақ. Өйткені, бұл жердегі саябақ отбасымен серуендеп, спортпен айналысуға таптырмайтын орын. Осылайша, ғылым мен мәдениетті ұштастырған бірегей жоба болашақта табиғи мұра ретінде ұрпаққа мирас болып қалмақ.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу