Алматы облысындағы Талғар, Іле аудандарында қарызы бар тұрғындар газдан ажыратылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Талғар, Іле аудандарында қарызы бар тұрғындар газдан ажыратылуда

02.07.2018

Алматы облысының Талғар, Іле аудандарында қарызы бар тұрғындар жаппай газдан ажыратылып жатыр. Өйткені, екі ауданда қазір мыңнан астам тұтынушы уақытында ақша төлемей жүр. Соның салдарынан, жалпы қарыздың есебі 5 миллионнан асып кеткен. Сол себепті, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жетісу өндірістік филиалының мамандары «осындай шара қолдануға мәжбүрміз», дейді.

Қарызы барға газ жоқ. Ақшасын уақытында төлемей жүрген абоненттерге қыс бойы кешіріммен қарап келген мамандар қазір құбырды бірден кесіп жатыр. Себебі, қарызы 200-300 мыңнан асып кетсе де, бір тиын төлемегендер бар. Осы уақытқа дейін сондай үйлердің 90-ға жуығы газдан ажыратылған.

Талғат Жаханов, заңгер:

- Бізде өткен 2017 жылдың 10-шы айынан бастап төлемеген тұтынушылар бар. Ол кісілерге ай сайын ескертеміз. Осы көктемнен бастап олардың көрсеткіштері көбейгеннен кейін пломбылау немесе дәнекерлеу арқылы өшіріп жатырмыз.

«Құбырды кесумен іс бітпейді. Өйткені, көптеген абоненттер газдан ағытылса да, ақшасын төлемей жүре береді», - дейді мамандар. Сондықтан, ондай азаматтардың қарызы сот арқылы өндірілмек. Мәселен, мына жігіт екі айдан асса да, қарызының бір тиынын өтемеген. Оған сот орындаушылары 10 күн берді. Осы уақытта қарызын қайтармаса, мүлкі тәркіленбек.

Газдан ажыратпас бұрын мамандар тұрғындарға бірнеше мәрте ескерту жасаған. Өйткені, кесілген құбырды қайта жалғау да айтарлықтай шығын.

Болатжан Данаев, газ шаруашылығының бастығы:

- Дәнекерлеушілердің айлығы бар, көліктің шығуы бар. Соның барлығы тағы да қосымша қаражат. Оны тұтынушылар төлеу керек болады. 48 мың теңгедей шығады.

Сондықтан, газбен қамту мекемесінің мамандары тұрғындарды ақшаны уақытында төлеп отыруға шақырады. Сондай-ақ, келесі жылу беру маусымына дейін берешектерін өтеуді ескертеді.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу