Түркияда туып-өскен қазақ жастары атажұртта жүр. Алыстан келген қандастарымызды Ақордада Мемлекеттік хатшының өзі қабылдап, жылы лебізін білдірді. Гүлшара Әбдіқалықова Анадолы елінде тұратын қазақ бозбалалары мен бойжеткендерін еліміздегі ахуалмен таныстырды. Қазақстанның жастар саясатындағы бастамалары, орта және жоғары білім берудегі жетістіктері мен жаңалықтарына тоқталып кетті. Мемлекеттік хатшы атамекеннен жырақ жүрген өскелең ұрпақтың Қазақстанға келуін Елбасы да, жалпақ жұрт та қолдайтынын ерекше атап өтті. Сондықтан, кездесуге келген Түркиядағы қазақ диаспорасының жастарын болашақтарын қазақ елімен байланыстыруға шақырды. Айта кетсек, біздің еліміз - қандастарын тарихи отанына қайтару бойынша тиімді миграциялық саясат жүргізіп жатқан үш мемлекеттің бірі. Дәл осындай жобалар Германияда мен Израильде бар. Тәуелсіздік алғалы бері төрткүл дүниеден 1 млн-нан астам қазақ елімізге қайта оралды. Ал, қазіргі таңда алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастырымыздың саны 5 миллионнан асып жығылады.
Едіге Доған, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі:
- Қазақстанға келіп, қызмет көрсету – менің арманым. Түркияда 20 мың қазақ тұрады. Олардың 12 мыңы Стамбул қаласында. Көбі Зейтинбурну мен Гүнешлі аудандарында тұрады. «Қазақ елі» деген журналы бар. Онда қазақ жастарымен жиналып, қазақ тарихы, қазақтар туралы, Қазақстанда өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы әңгіме айтамыз.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.