Қазақстандық электровоз алғаш рет экспортқа шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық электровоз алғаш рет экспортқа шығады

27.06.2018

Қазақстанда құрастырылған эклектровоздар алғаш рет экспортқа шығарылмақ. Тапсырыс беруші ел - Әзірбайжан. Қазіргі уақытта Астанада жүк вагондарын сүйрейтін 40 локоматив арнайы құрастырылып жатыр. Алғашқы легі дайындалып та болды. Сынақтан сәтті өткен техника жаздың соңғы айында Әзірбайжанға аттанады.

Сағатына 120 шақырым жылдамдықпен 9 мың тонна жүк тасымалдайтын отарба. Әзірбайжан темір жолы компаниясының арнайы талаптарына сай құрастырылған электровоз ТМД және Таяу Шығыс елдерінің стандарттарына да сай келеді. 

Дидье Пфлегер, «Alstom» компаниясының Таяу Шығыс және Африкадағы аға вице-президенті:

- Бұлар өте мықты, Яғни, күші көп локомативтер. Ауыр жүктерді тіркеп алып, ұзақ қашықтыққа апара алады. Сондықтан, өзге елдерден де сұраныстың жоғары болатыны сөзсіз деп ойлаймын.

Техникалық тұрғыдан алғанда бұл локоматив Қазақстан үшін құрастырылатын электровоздармен 95 пайызға ұқсас. Тек климаттық бейімделуімен ғана ерекшеленеді. Әзірбайжанда Қазақстандағыдай қатты суық ауа райы жоқ. Жыл соңына дейін дәл осы локоматив Әзірбайжанның жолдарымен жүйткитін болады.

Биыл 6 электровоз Әзірбайжанға аттанады. Бүгін таныстырылымы өткен техникаға импорттаушы тараптың да көңілі толып отыр. 

Равиль Фаисханов, электровоздарды сынақтан өткізуші:

- Бір қолмен ғана пойызды басқаруға болады. Өте ыңғайлы. Техникалық ақаулар анықталып жатса, мониторға шығып, көрініп тұрады. Қауіпсіздігі де жоғары деңгейде.

Электровоз құрастыру зауыты әзірге толық қуатына жетпеген. Дегенмен, сұранысқа байланысты өндірісті жылдамдату жоспарланып отыр.

Жульен Ноди, электровоз құрастыру зауытының бас директоры:

- Қазіргі күні локомотивтердің 23 пайызы ғана қазақстандық өнім. Келер жылдан бастап бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізбекпіз. Қозғалтқыш трансформаторларды осы Астанада жасайтын боламыз. Бұл қосалқы бөлшектер де Әзірбайжан үшін арнайы жасалған техникаға орнатылатын болады.

Зауыт баға мен сапаның сәйкестігіне баса назар аударып отыр. Осылайша, шетел нарығында өздерін жақсы көрсетсе, тапсырыстардың жыл санап артатыны анық.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу