Қызылорда облысында былтыр ғана пайдалануға берілген балабақша жабылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында былтыр ғана пайдалануға берілген балабақша жабылып қалды

26.06.2018

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында былтыр ғана пайдалануға берілген балабақша жабылып қалды. Себебі, су жаңа ғимараттың жылға жетпей іргетасы отырып, қабырғалары жарылып кеткен. Қазір мектепке дейінгі мекеме қайта жөндеуден өткізіліп жатыр.

Жосалы кентіндегі 90 орындық «Айгөлек» балабақшасы былтыр қазан айында пайдалануға берілді. Жобаның жалпы сметалық құны 250 миллион теңге. Балаларға арналған тәрбие орны ашылғанда тұрғындар қатты қуанды. Бірақ, қуаныш ұзаққа созылмады.

Мәриямкүл Жәкенова, Жосалы кентінің тұрғыны:

- Бір жыл болмай «Айгөлектің» жабылып қалғанына наразымыз. Балаларымыз барып жүрді. Қыста іші жылы болды. Әйтеуір, аяқ астынан жабылды.

Балабақша уақытша екі айға жабылды. Қабырға қақырап, едені қопарылып жатыр. Мамандар себебін анықтады.

Жалғас Сүйеубаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:

- Іргетасы отыруына байланысты қабырғаларда жарық пайда болды. «KZ Құрылыс сараптама» мекемесімен техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысына сүйенетін болсақ, көктем айларында жерасты суы көтерілуіне байланысты осындай жағдай болып тұр.

Яғни, «бұл жобадан кеткен кемшілік емес», - дейді мамандар. Құрылыс жұмыстары да талапқа сай жүргізілген. Мемлекеттік комиссия ғимаратты кем-кетіксіз қабылдаған.     

Алмат Ізбасар, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлық жұмыстар жоба бойынша жасалған. Биыл көктемде жерасты суы деңгейі қатты көтеріліп кеткен. Мемлекеттік бақылау басқармасының мамандары қазір осында. Техникалық қадағалаушы инженер де объекті басында. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен ешқандай қаражат бөлініп жатқан жоқ.

Келер жылы мұндай жағдайдың қайталанбайтынына мамандар кепілдік беретінін айтады.  Мәселе ерекше бақылауға алынды. Жөндеу жұмыстары шамамен 20-шілдеде аяқталады.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу