Елімізде түрмедегі тұтқындарды азаптау тыйылар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде түрмедегі тұтқындарды азаптау тыйылар емес

26.06.2018

Түрмеде және Ішкі істер органдарында жазасын өтеушілерді азаптау дерегі тыйылар емес. Мәселен, 2016 жылға дейін сотталушылардан шамамен 1500 шағым түссе, биыл сондай арыздар саны 2 мыңға жетті. Бұл туралы халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күніне орай өткізілген баспасөз мәслихатында айтылды. Мамандардың мәліметінше, ол шағымдардың тек 5 пайызы ғана ақталады екен. Өйткені, түрмедегілердің жабық аймақта көрген қорлығын дәлелдеу қиын. Жазасын өтеушілердің жағдайын қалай түзетуге болады? Куәгерлер келтірген дәйектер қандай? Бұрыңғы сотталушылармен тілдескен тілшіміз Раушан Сайлауқызы тақырыпты толығырақ баяндасын.

Вадим Акинфеев танысының сот процесінде жалған куәлік бергені үшін 2014 жылы Алматыдағы түрмелердің біріне тоғытылды. Айтуынша, қамақтағы 3 жыл оған 30 жылмен парамен пар. Өйткені, бас бостандығынан айырылу былай тұрсын, іштегі көрген қорлықты, сөзбен айтып жеткізу қиын.

Вадим Акинфеев, бұрынғы жазасын өтеуші:

- Легенге суды толтырды. Киімдерімді түгел шештіріп, шамамен 15 минуттай, тұншықтырды. Алақаннан, арқадан осып ұрды. Лас әжетхананы жууымды талап етті. Ол жеңіл ғой. Тіпті, өзге сотталушылардың жыныстық мүшесін жу деген талап та қойды. Орындамасаң, оңбай таяқ жейсің. Айтқандарына көнбеске амал болмады. Денемнің көгерген таңбаларын тізіп айтпай-ақ қояйын.

Азаптаудың түрлері бұл ғана емес. Куәгерлердің айтуынша, ұрып соғу, зорлық-зомбылықтан  бөлек, басына дорба кигізіп тұншықтыру, денесіне ине тығу, электрошокерлер қолдану, тіпті уландыру оқиғалары да болған. Айтуға ауыз батпайтын қинаулар да жоқ емес. Тіпті ауыр азаптан ажал құшқандар да болыпты. Мұндайға қолы баратындар көбінесе түрме қызметкерлері және олардың нұсқауын бұлжытпай орындайтын жазасын өтеушілер. Ал, істі дәлелдеп шығу, тіпті тәжірибелі қорғаушылардың да қолынан келе бермейді.

Айман Омарова, Алматы облысы адвокаттар алқасының мүшесі:

- Аптада бір-екі хат аламын, біреу поштаға, мессенджерге жазады. Туыстары жылап қоңырау шалады. Барлық өңірден келеді. Мысалы, мынау Викторияның жібергені. Мынаның бәрі хаттар. Олар қанша жазғанымен арыздарын мемлекеттік органдар қарамайды. Ең сорақысы, азаптауды дәлелдеу өте қиын.

Қазір еліміздегі 69 түзеу мекемесі мен 17 тергеу изоляторында 33 мыңға жуық сотталушы жазасын өтеуде. Олар азаптаудың құрбаны болғанымен, бәрі бірдей шағымдана бермейді. Өйткені, жазасын өтеу уақытын көбейте ме деп қорқады. Ең сорақысы, осыларды күнделікті көзбен көріп, ем-шара жүргізетін медицина қызметкерлерінен прокуратураға бірде-бірде шағым келіп түспеген.  «Сондықтан да, антына адал бола алмай жүрген дәрігерлерді тікелей Денсаулық сақтау министрлігіне бағындыру керек», - дейді мамандар.

Азамат Шәмбілов, Орталық Азиядағы халықаралық түрме реформасының аймақтық директоры:

- Оны шешу үшін біріншіден, қылмыстық атқару жүйесі жеке тәуелсіз бір министрлікке немесе үкіметке тікелей қарайтын агенттікке ауысу қажет. Екіншіден, түрмедегі денсаулық сақтау қызметін Денсаулық сақтау министрлігіне ауыстыруымыз қажет. Үшіншіден, азаптауға тап болған азаматтардың мәселесі тәуелсіз түрде шешілу керек.

Тар қапас. Темірдей тәртіп. Бас бостандығын шектеу. Бұл жаза басқан тұтқынға заң бойынша  талап. Ал, оларды азаптап қорлауға, қысым танытып, зорлық-зомбылық көрсетуге ешкімнің құқы жоқ. Сондықтан да, қамаудағыларды жазаламас бұрын, өз міндетін жете түсінбей, қызметін асыра пайдаланып жүрген тәртіп сақшыларын да тәртіпке келтіру керек сыңайлы.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу