Түркістан облысы Төле би ауданында кезінде қараусыз қалып кеткен 4 су қоймасының арнасы тазартылып, қайта жөнделді. Сондай-ақ, аймақтағы ағын су жүретін арналардың 120 шақырым жері аршылды. Соның нәтижесінде таулы аймақтағы суармалы егістік жердің көлемі тағы 400 гектарға ұлғайып отыр. Бұл жермен жан баққан талай отбасының шаруасын ширата түсті.
Алатау ауылының маңындағы мына тоған жиырма жылдан бері биыл алғаш рет суға толды. Қойманың табанын лай-батпақ басып, тіпті кей жерлері қоқыс тастайтын орынға айналып бара жатқан еді. Техниканың күшімен бәрін тазартты. Тоғанның жағалауы бетондалды. Су деңгейін реттейтін құлақтар жөнделді. Қойманың айналасы қоршалып, шам орнатылды.
Жасар Нысанбаев, Су шаруашылығы мекемесінің директоры:
- Тоғандарға бірінен кейін бірі каскад болып жиналып, су екі ауыл округіне бөлінеді. Сол ауылдардағы шаруа қожалықтарының бәріне суды апарып беріп қойдық. Егемін деген шаруаларға су дайын тұр.
Ағын судың жетімсіздігінен ауыл тұрғындары егістік жеріне жоңышқа, жүгері секілді дақыл егуден әрі аспайтын. Оның өзінен жарытып өнім алып жүргені шамалы. Енді судан тапшылық болмайтынына көзі жеткен соң жұрт табысы мол дақыл түрлерін егуге қам жасап жатыр.
Әбдіразақ Сақыбаев, ауыл тұрғыны:
- Таудың астында тұрсақ та су аз. Сондықтан, үкіметтен 1-2 жылдан бері қолға алып істеп жатқаны дұрыс. Мұны көбейту керек. Әр ауылдан істеуге болады.
Төле би ауданы аумағында ұзын саны осындай 12 су қоймасы бар. Оған жиналған су 74 канал арқылы ауыл-ауылға тарайды. Ендігі жұмыс 1 мамыр ауылының тұсындағы Ақбастау мен Қарақуыс су қоймаларын қалпына келтіру. Егер бұл тоғандар суға толса суармалы жердің аумағы тағы 2500 мың гектарға көбейеді.
Бұқарбай Парманов, Төле би ауданының әкімі:
- Сол жерге 2 млрд. текше метр су жиналады. Біз құжаттарының барлығын жасап, облыстық құрылыс басқармасына бердік. «Қарақуыс» су қоймасына жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, биыл күзге дейін оны іске қосамыз.
Аудан әкімдігі өз меншігіне су жүйелерін тазартатын арнайы техникалар сатып алды. Солардың көмегімен биыл ауыл ішіндегі бітеліп қалған арықтар мен су арналары аршылмақ. Сөйтіп әрбір отбасының үй іргелік жерінде бау-бақша өсіруіне жағдай жасалғалы жатыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.