Осы аптада қалам ұстаған қауымның төл мерекесі тойланады. 28 маусым – Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күні. Атаулы күннің қарсаңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бір топ журналистке Президенттің сыйлығы мен грантын тапсырды. Арнайы алғысын жариялады. Мерейлі марапатқа ие болғандардың арасында Ұлттық арнаның қызметкерлері де бар.
Мейіржан Әлібекұлы. Бұл есімді Ұлттық арнадан бөле-жара қарауға болмайды. Бір кездері арнаның Атыраудағы ұясынан ұшқан ұл бүгінде басты арнаның бет-бейнесіне айналды. Оның тележәшіктегі табиғилығы, тілінің көркемдігі көрерменін еріксіз баурап алды. Бүгін оның телекеңістіктегі ерек орны еленіп, лайықты бағасы берілді. Ол жүлдеқоры 3 миллион теңге болатын Президенттің арнайы грантын иеленді.
Мейіржан Әлібекұлы, «Қазақстан» ҰТА ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары:
- Ботатірсек бозбала шағымнан журналист болсам деп армандап, ауылда майшамның жарығымен кітап оқып жататын бала Мейіржан түбінде осылай Ақордада Президент грантын алады деп кім ойлады. Абай атам айтқан ғой, «әуелі Аллаға сыйын, сосын өз қайратыңа сүйеніп еңбек қыл. Қара Жер де құр қалдырмайды» деп. Бұл марапат мамандыққа деген махаббаттың нәтижесі деп білемін және бұл жеңіс құрылғанына 60 жыл болған қазақ телевизиясы мен оның заңды мұрагері «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының ортақ жеңісі деп білемін.
Елордадан тұтас елге тарайтын «Астана ақшамы» газетінің ұжымы үшін де бүгін ақ түйенің қарны жарылды. Астананың кірпіші қаланған күннен бастап тыныс-тіршілігін қалт жібермей қағазға түсірген қаламгерлер Елбасының алғыс хатын алды.
Еркін Қыдыр, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы:
- Бабаларымыздан қалған жақсы бір сөз бар - «Еңсесі биік елорда еңкеймей кірер күн қайда?» деген. Сол Ақордамыз елорданың төрінде тұр. 20 жыл болды. Жаңа астананың шаңырағын көтеріп жатырмыз. Осының жылнамасын жасап жүрген 30 жылға жуық тарихы бар «Астана ақшамы» газеті алдағы кезде де елмен бірге оқырмандармен бірге елордамыздың шежіресін жасауға атсалыса береді деп сенемін.
Биылғы жүлдегерлер тізімінде шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері де бар. Қазақ-өзбек қатынасын нығайтуға қосқан үлесі үшін Өзбекстан Ұлттық арнасы алғыс арқалады.
Хайрулла Нуритдинов, «Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясы» төрағасының орынбасары:
- Қазақстан мен Өзбкстан арасындағы байланыс тарихтың тереңінен бастау алады. Десе де, екі елдің ынтымақтастығы соңғы 2 жылдың көлемінде ерекше сипатқа ие болғанын айта кету керек. Ел Президенттерінің жылы қарым-қатынасы тек экономика, саясат саласындағы байланысты нығайтып қоймай, ақпарат құралдарының да етене араласуына жағдай жасап отыр.
Ал, жүлде қоры 4 миллион теңге болатын Президент сыйлығы «Информбюро.кз» интернет- порталының бас редакторы Михаил Дорофеевке, «Астана» арнасының басшысы Ләззат Танысбайға тапсырылды.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Журналистер қауымы Елбасының бастамаларын халыққа жеткізу мемлекеттік саясатты түсіндіру қоғамдық пікір қалыптастыру азаматтық қоғамды дамыту ісіне лайықты үлес қосуда. Қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайтын журналистер қауымы Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық мақсат-міндеттерді соның ішінде рухани жаңғырудың маңызын кеңінен жариялап береді деп сенеміз.
Президент сыйлығы мен гранты, алғыс хаты - бұл журналистерге арналған ең үлкен марапат. Жыл өткен сайын үміткерлерге қойылатын талап та күшеюде. Демек, бүгінгі марапатқа ең лайықты, ең үздік журналистер мен ұжымдар ие болды.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.