Астана қаласы тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастау тәртібіне көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласы тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастау тәртібіне көшеді

26.06.2018

Елордада бүгіннен бастап аулаларға сары және жасыл контейнерлер орнатыла бастады. Бұл жаңа жүйе қоқыстарды тез сұрыптап, одан өндірілетін өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі заманға сай озық жүйе жыл соңына дейін қаланың барлық ауданында іске қосылады.

Жаңадан орнатылған сары жәшікке пластик, метал, қағаз және шыны сияқты құрғақ заттарды тастауға болады. Ал, жасыл контейнер дымқыл қоқыстарға, яғни, тамақ қалдықтарына арналған. Жоба авторлары бүгін тұрғындармен кездесіп, жаңа жүйенің пайдасын түсіндірді. Алғашқы кезеңде Астананың 4 тұрғын үй кешеніне 19 жәшік орнатылды. Алдағы айда 45 мекенжайда 200 контейнер пайда болады.

Жомарт Рахымжан, «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі» ЖШС өкілі:

- Халықты қалдықты бөліп тастау бойынша ақпараттандырамыз. Қалдықты бөліп тастауға дайын емес шығар. Өйткені, мынау қанша шикізат. Астана маңында күніне мың тонна тұрмыстық қалдық шығатын болса, оның тек 45 пайызы қайта өңдеуге келеді.

Өкінішке қарай, қоқыстың сұрыптап тасталмауынан оның тек 10 пайызы ғана өңделіп, кәдеге жарап жатыр. Жаңа жүйе бұл көрсеткішті кезең-кезеңмен арттыруға мүмкіндік береді. «Тұрғындар қоқысты бөліп тастаса, қоқыс полигонындағы қалдықтардың көлемі азаяйып, экологияға оң әсер етеді», - дейді жоба авторлары.

Айдын Нұрахметов, «Kaz recycle service» компаниясының бас директоры:

- Қоқысты сұрыптап тастау - әлемдік тәжірибе. Халық түсініп, біздің бастамамызды қолдаса, елімізге үлкен пайда келеді. Кез келген адам өз қаласының көркейгенін қаласа, қоқысты бөлуді күнделікті әдетке айналдыруы қажет және оны балаларына үйретсе дейміз. Сонда бұл үйреншікті әрекетке айналады.

Жоба авторлары қоқыстарды әзірге өздері сұрыптайды. Арасынан қажеттілерін алып одан пайдалы өнімдер өндіруде. Мысалы, пластиктің өзінен тұрмысқа қажетті заттарды шығаруға болады. Тіпті қоқыстардан жол төсеуге арналған материалды да өндіруге мүмкіндік бар. Тек халық игі бастаманы қолдаса жеткілікті. Сонда 2022 жылға қарай тасталатын қалдықтардың 80 пайызынан өнім өндіріп, кәдеге жаратуға болады.

 

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу