Талдықорғанда миллиондаған қаржыға сатып алынған контейнерлер кәдеге жарамай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда миллиондаған қаржыға сатып алынған контейнерлер кәдеге жарамай тұр

25.06.2018

Талдықорған қаласында миллиондаған қаржыға сатып алынған арнайы контейнерлер мақсатсыз қолданылуда. Шаһарда тәулігіне 80 тоннаға дейін қоқыс шығарылғанымен, өңделмейді. Тұрғындар да күл-қоқыс төгу мәдениетінен жұрдай. Қалаға кейінгі жылдары қоқыс өңдейміз деп шетелден бірнеше рет инвестор да келген. Бірақ, жұмыс тек келіп-кетумен шектелді. Нақты шаруаны қолға алған кәсіпкердің де ісі алға баспай тұр.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Талдықорғанда 46 жерде дәл осындай сары контейнерлер орнатылған. Олар негізінен істен шыққан электр шамдары, аккумулятор батареялары және басқа да электр қондырғыларға арналған. Бірақ, қазір бұл контейнерлердің бәрі тұрмыстық қалдықтармен толып тұр.

Бұл контейнерлердің әрқайсысының бағасы кемі 250 мың теңге. Негізінен адам көп жүретін жерлерге қойылған. Өкінішке қарай, тұрғындар қоқыстың бәрін тегіс тастай береді.

Жұмагүл Тоқтиева, қала тұрғыны:

- Үйде ортақ қоқыс жәшіктері бар. Бәрін біріктіріп соған апарып тастаймыз.

Талдықорғандықтарды күл-қоқысты іріктеу тәртібіне үйретпекші болып  жүрген кәсіпкер Ерлан Дүйсебаев. Іскер азамат былтыр қоқыс полигонын өз қолына алды. Қомақты қаржы салды. Алайда, қоқыс сұрыптау цехын біреулер қасақана өртеп жіберді. Нысанды қайта қалпына келтіріп, өндірісті қосайын десе, қоқысты шығаруға бөлек тариф жоқ. «Тұрғындардан түскен қаржы Пәтер иелері кооперативтері мен қоқыс тасымалдаушылардың қалтасына түсіп отыр», - дейді кәсіпкер.

Ерлан Дүйсебаев, серіктестік директоры:

- Тұрмыстық қалдықтар полигонын бөлек шығарып, оны ары қарай дамытып, ретке келтіру үшін Экологиялық кодекс бойынша бұл қаражат тарифтерден бөлініп алынуы қажет. Қазіргі таңда ол тариф болмағандықтан, өзіміздің қалтамыздан шығаруымыз керек.

Қала билігі болса, ортақ тарифті бекіту үшін әлі де біраз күту керектігін алға тартады.

Мейір Нұрғалиев, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазіргі уақытта санау жұмыстары жүргізілуде. Тарифті бекіту 2-3 ай уақыт деп қарастырылуда.

Қоқыс сұрыптау кәсіпорны іске қосылса, пластик, полиэтилен пакеттер және қағаз қайта өңделеді. Биологиялық қалдықтардан гумус өңдеп шығару көзделген. Ал, әзірге шаруа тарифке тіреліп тұр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу