Мәулен Әшімбаев Талдықорғанда ашылған IT-сынып және IT-орталықтарында болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Талдықорғанда ашылған IT-сынып және IT-орталықтарында болды

25.06.2018

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Сапар барысында ол бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, партияның облыстық активімен кездесті. «Нұр Отан» партиясы қолға алған жобалардың Жетісу өңірінде жүзеге асырылу барысымен танысып, Талдықорғанда ашылған IT-сынып және IT-орталықтарында болды.

Биыл Талдықорған қаласында екі IT-орталық ашылды. Олардың бірі қаладағы агротехникалық колледжінде орналасқан. Қазіргі таңда бұл жерде облыс аумағында ашылатын IT-сыныптардың болашақ оқытушылары даярлануда. Алматы облысының аудан-қалаларынан келген алғашқы 25 тыңдаушы бірнеше бағытта білімін шыңдап, түрлі бағдарламаларды меңгеріп жатыр.

Гүлнар Төкенова, ІТ-орталығының модераторы:

- Бітіргеннен кейін бұл кісілер өз ауылдарына, қала, мектептеріне барып, ІТ-сыныптарда сабақтарын жалғастырады. Келесі кезеңде біз жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды оқытамыз.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары сондай-ақ, Оқушылар сарайында болып, мұндағы робототехника кабинеті мен ІТ-сынып жұмысымен танысты. Биыл бұл жерде 900-ге жуық мектеп оқушысы STEM оқыту жүйесі бойынша заманауи бағдарламалау тілдерін үйреніп, білімін шыңдамақ. Алдағы үш жылда тек Алматы облысында 60-тан астам ІТ-сынып және 20-ға жуық робототехника кабинеті ашылмақ.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бағдарламалауды игеретін болса, болашақта осы саланың маманы болмаса да, олардың ойлау жүйесіне өте жақсы әсер етеді екен. Сонымен қатар, балаларды креативті ойлауға баулиды.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев өңірдің жас кәсіпкерлерімен кездесіп, партияның кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін тілге тиек етті. Ал, партияның облыстық активімен кездесу барысында партиялық жобаларды жүзеге асыру және Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу қажеттігін ескертті.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу