Жезқазғанда балаларға және ересектерге арналған нейрооңалту орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда балаларға және ересектерге арналған нейрооңалту орталығы ашылды

22.06.2018

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған әлеуметтік нысан енді тек мысты қаланың емес, маңайдағы елді мекендердің тұрғындарына да дәрігерлік қызмет көрсетеді. Бұған дейін науқастар шалғайда жатқан Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына барып емделіп келсе, енді тұрғылықты жерде сапалы көмек алуға мүмкіндік туды.

Жезқазған өңірінде жүйке жүйесі зақымданған, инсульт алған 5 мыңға жуық адам бар. Бұған қоса сал ауруына шалдыққан 2 мың бала диспансерлік есепте тұр. Науқастар ем алу үшін  ірі қалаларға барып, 1-2 жылдай кезегін күтетін. Енді нейрооңалту орталығында жылына 4 мәрте тегін емделе алады.

Есентай Мұсағұлов, Жезқазған орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Невропатологтар, реабилитологтар, психологтар, логопедтер жұмыс істейді. Жаңадан аппаратуралар алынды, базаларын толық жаңартты. Бұл әрине, үлкен көмек.

Жуырда мысты шаһардағы үш бірдей денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Медицина колледжі, диагностикалық орталық және туберкулезге қарсы балалар шипажайы соңғы 25 жылда мүлдем жөнделмей, әбден тоз-тозы шыққан. Оны қалпына келтіруге облыс бюджетінен 330 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұған қоса қазір емдеу мекемелерін жас мамандармен қамту мәселесі де шешіліп жатыр.

Ләззат  Ранова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы:

- Қазіргі таңда 11 маман жетіспейді. Жас мамандарды шақырып, пәтер жағдайын шешуге тырысып жатырмыз.

Биыл диагностикалық орталыққа заманауи қондырғылар алу үшін де қазынадан 50 миллион теңге бөлініпті. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандарды емдейтін тағы бір оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу