Археологиялық зерттеулер бойынша 2200 жылдық тарихы бар Шымкент шаһары бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Осыдан оншақты жыл бұрын небәрі 500 мыңнан сәл ғана астам тұрғыны бар қала бүгінде миллиондар мекені. Жыл сайын мұнда 10 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Өндірісі өркендеп, кәсіпкерліктің жандануы арқасында Шымкент ірі агломерациялық орталыққа айналды.
Шаһар аумағы осыдан 5 жыл бұрын 77 мың гектарға ұлғайды. Орталықтан жаңа әкімшілік іскерлік орталық бой көтерді. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, «Нұрсәт», «Астана», «Самал», «Нұртас», «Тараз» секілді бірнеше шағын аудандар пайда болды.
Ғабит Мәуленқұлов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
- 2017 жылы егер 25 үйге тапсырысқа берілген болса, биылғы жылы 58 тұрғын үй салынды. Яғни, екі еседен аса көбейіп отыр.
Өндіріс, кәсіпкерлік, құрылыс саласының қарқынды дамуы арқасында небәрі 3-4 жылда қала қазынасы екі есеге жуық өсті. Қазір жылдық бюджеті 137 миллиард теңге. Оның тең жартысына жуығы өзіндік кіріс.
Мегаполис шаһардың туристік әлеуеті де нығайып келеді. Осыдан 3 жыл бұрын 70 гектар аумаққа тарихи-мәдени кешен салынды. Оның аумағында «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғимараттары, Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі орналасқан. Сондай-ақ, қайықпен серуендеуге қолайлы жағдай жасалған «Жайлакөлді» жағалай ұлтымыздың байырғы қонысын дәріптейтін қазақ ауылы қоныстанды.
Шымкент бүгінде атына сәулеті сай желегі жайқалған жасыл аймақ. Былтырдың өзінде қала аумағында 5 бірдей саябақ салынды. Шаһардың жасыл белдеуіне негізінен арша, мәжнүн тал, емен, шаған, қарағай және калифорниялық терек егілді.
Гүлзада Орынбаева, қала тұрғыны:
- Мақтанамыз қаламызбен. Неше түрлі гүлдер егіледі. Қазірдің өзінде осы жерге риза болып келе жатырмын. Кезінде базардың орны еді. Ал, қазір адамдар демалатын керемет орынға айналды.
Шымкент бүгінде халқының көптігі, аумағының үлкендігімен ғана ерекшеленбейді. Шаһар мәдениет пен руханияттың да ордасы. Қазақ, орыс драма театрларын қоспағанда кейінгі жылдары мұнда опера және балет, әзіл-сықақ пен сатира театры шымылдығын түрді. Алматы, Астана мен Қарағандыдан кейінгі цирк ғимараты бар еліміздегі төртінші қалаға айналды.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ