Елімізге туристер тарту үшін шет ел азаматтарына визасыз келу тәртібі енгізіледі. Мәселен, қазір 67 елдің азаматы Қазақстанға визасыз келе алады. Алдағы уақытта Қытай мен Үндістан азаматтарына елімізде 72 сағат визасыз жүруге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы бүгін халыққа есеп беру кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты. Оның сөзінше, туристерден түсетін табыс осы күні жалпы ішкі өнімнің бір пайызынан аспай тұр. Егер бұл саладағы жоспарлар жүзеге асса, 2025 жылы ел табысының 8 пайызын осы туристерден түсіруге болады. Мәселен, ЭКСПО көрмесін тамашалауға 7 миллион адам келген. «Олардың әрқайсысы ел экономикасына 50-ден 350 долларға дейін ақша қалдырды», - дейді министр. Енді Алматы мен Астанадағы халықаралық әуежайларды пайдаланып, транзиттік жолаушыларды да турист ретінде пайдаланып қалуға зор мүмкіндік бар. «Сол үшін 72 сағаттық визасыз режим тәртібі өте қажет», - деді өз баяндамасында Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Не үшін біз осынша ғимараттарды салып, қасиетті, киелі орындарды қайта жаңғыртып жатырмыз? Әрине, ең бірінші еліміз үшін, сонымен қоса, туристер тарту үшін. Бүкіл әлем көрсін дейміз. Егер виза бермей жабық отырсақ, олар қалай келіп көреді? Осыған орай, жыл соңына дейін 72 сағаттық визасыз режим тәртібін енгізіміз Қытай және Үндістан азаматтары үшін.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.