Түркістан - ер түріктің бесігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан - ер түріктің бесігі

20.06.2018

Түркістан өзіне лайық статусқа ие болды. Күллі түркі әлеміне қасиетті киелі қаланың мәртебесі қолдан көтерілген жоқ, бұрыннан белгілі биігіне қайта оралды. Айтулы оқиғаға орай арнамызға лебізін жолдаған қоғам қайраткерлерінің ортақ пікірі осы. «Бұл қадамның бірінші берері рухани серпіліс, дегенмен, әлеуметтік-экономикалық әсері де көп күттірмесі анық», - дейді олар.

Серік Ақсұңқарұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын:

- Түркістан алты алаш үшін қасиетті. Түркістан дегенде ұлы Тұран империясы, Алашорда, Көк орда елестейді. Шымкенттің миллион тұрғыны бар ірі мегаполис болып, ол елдің Түркістан облысы болып атауы бүгін арқамызды шымырлатып тұр. Бұл Қазақстанның егемендігінің арқасы, тәуелсіз елдіктің белгісі.

Мақұлбек Рысдәулет, жазушы:

- Бүкіл түркі халқына қасиетті Түркістанның облыс орталығы болуы шын мәнінде біздің әрбір азаматтың рухын асқақтататын іс-шара болды. Бұл үшін Елбасына мың да бір рахмет. Діни орталық, рухани орталық қана емес, бұл - мәдениеті мен экономикасы дамыған үлкен облыстың орталығына айналғаны шын мәнінде қуаныш.

Жандар Кәрібайұлы, қоғам қайраткері:

- Біздің тарихымыз, Түркістансыз, Тұрансыз толық тарих болмайды. Сондықтан да, Түркістанның облыс орталығы болғаны өте дұрыс болды. Өйткені, ол тек Қазақстандағы облыс орталығы ғана емес, енді ол түркі халықтарының орталығы болып тарихқа енеді. Келешекте туристердің қаласы болады. Арғы жағы Самарқанд, бергі жағы Түркістан, ол өңірдің бәрі тұнып тұрған тарихымыз. Кешегі ұлы дала тарихы енді жаңаша пайымдалатын болады. Елбасының жасаған бұл үлкен ерлігі деп білемін.

Жайсаң Ақбай, тарихшы:

- Алаш қайраткерлерінің заманында Түркістан мемлекеті де болған. Сондықтан бұл тек елді басқаруды жеңілдетуді көздеген шара емес. Мақсат - тарихқа үңілу, шын тарихымызды жаңғырту.

Жабал Ерғалиев, «Ақмола-Тіршілік» ЖШС директоры, жазушы, драматург:

- Түркістанның дербес облыс болуы және оның Түркістан деп аталуы тарихи маңызды деп есептейміз. Сондықтан да, Түркістанның жаңадан дамитындығына, оның экономикалық жағдайы, оның әлеуметтік жағдайы, әсіресе, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің төңірегінің бәрінің де жаңадан құлпырып шығатынына біз өз басымыз сенімдіміз.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Түркістан қаласының жаңағыдай мәртебеге ие болуы әрине, оның тек қана рухани жаңғыру тұрғысынан ғана емес, экономикалық, бизнестің дамуы тұрғысынан, өмір деңгейінің сапасының өсуі тұрғысынан жақсы түрткі болмақ. Менің меңзеп отырғаным, жаңа құрылыс алаңдары пайда болады, жаңа ғимараттар, жаңа мәдени, білім беру ошақтары ашылады деген үміт бар.

Сәкен Қаныбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасы айтқандай, инфраструктра жасағаннан кейін, құрылыстар болады. Халық көшеді. Мектептер салынады. Әлеуметтік нысандар көбейеді. Оның бәрі жаңа қуат береді.

Уәлихан Қайназаров:

- Статус берілгеннен кейін ол жерде интеллектуал орта пайда болады. Ең мықты, білімді азаматтар жиналғасын өңірдің дамуына септігін тигізеді.

 

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу