Қарағанды облысында Күн электр станциясы салынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында Күн электр станциясы салынуда

20.06.2018

Қарағанды облысының Балқаш қаласы маңындағы Гүлшат елді мекенінде Күн электр станциясының құрылысы басталды. Баламалы энергия көзінің қуаттылығы 40 МВт. Жоба құны - 46 миллион доллар. Құрылыс 10 айда аяқталады. Жалпы аумағы 100 гектар жерге Күн сәулесінен қуат жинайтын алып панельдер қойылады. Станцияны салу жұмысына арнайы мамандардан бөлек, жергілікті тұрғындар да тартылған. Кейін нысан іске қосылған кезде мұнда тұрақты түрде 10 адам еңбек ететін болады. Ал, құрылысқа жұмсалған қаржы мамандардың болжамы бойынша 15 жылда ақталады екен. Жалпы, облыс төңірегінде қазір 4 ірі жоба қолға алынған. Гүлшат, Ақадыр елді мекендері мен Саран қаласында Күннен, ал, Қарқаралының тау баурайында желден қуат өндіретін станциялар бой түземек. Мамандар бұл жерлерді арнайы таңдаған.

Нұрлан Қапенов, жоба жетекшісі:

- Осыған дейін жүргізген зерттеу жұмыстары арқылы бұл аумаққа Күн сәулесінің жақсы түсетінін, ауа райының негізінен жауын-шашынсыз екенін анықтадық. Бұл Балқаш көлінің жақындығымен байланысты болуы мүмкін. Жалпы, панельдерге қатты ыстық қажет емес. Ондай кезде электр энергиясын керісінше аз өндіреді. Ал, Гүлшат елді мекені орналасқан аумақтың климаты баламалы энергияны тұрақты түрде өндіруге қолайлы болып тұр.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу