Тау-кен конгресі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Астанада өтіп жатқан 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресіне қатысқан отандық кеншілер осындай пікір білдірді. Мұндай шара әлемде 1958 жылдан бері өтіп келеді. Ал, ТМД аумағында алғаш рет Астанада ұйымдастырылды. Біздің еліміз үшін мұндай ауқымды шараның маңызы зор. Өйткені, еліміздегі Салық кодексіне түзетулер енгізілді және жаңадан жер қойнауын игеру туралы кодекс қабылданды. Бұрын салық түрлері көп және бір-бірін қайталайтын төлемдер шетелдік инвесторларды аса қызықтыра қоймайтын. Ал жер қойнауын пайдалану бойынша геологиялық барлау жүргізіп, кен орнын тапқан компанияны коммерциялық бонус төлеуге міндеттейтін. Бұдан басқа да жағдайлар шетелдік инвесторлармен арадағы келісімдерге біраз кедергі болды. Енді жаңадан қабылданған кодекстерге сәйкес осы олқылықтың барлығы реттеліп, жүйеленді. Осы тұста Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік тау-кен конгресі жаңа инвесторларды тартуға зор мүмкіндік береді.
Николай Радостовец, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:
- Қазір жаңа Салық кодексінде төлемнің бірыңғай жүйесі енгізілді. Коммерциялық бонусты алып тастады. Оған қоса, кен орнын тапқан компанияға сол жер беріледі. Кім тапты, сол алады. Бұл геологиялық барлау жұмысына қызығушылықты арттырады. Өйткені, Қазақстандағы көптеген жерге геологтар мүлдем бармаған.
Тау-кен конгресінің ресми ашылуынан кейін халықаралық және отандық сарапшылар Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингіне қатысып, өз ойларымен бөлісті. Тау-кен өндірісі елімізге табыс әкелетін негізгі саланың бірі. Сол себепті осында жұмыс істеуге ниеттілер қатары көп. Оның үстіне осы салада Қазақстандағы заңнаманың жетілуі алыстағы инвесторды жақындата түсері сөзсіз. Осы баспасөз жиынында шетелдік компаниялармен әріптестік байланыс орнату мақсатында бірнеше меморандумға қол қойылды. Енді осыдан кейін еліміздің бірнеше аймағында кен барлау жұмыстары қыза түседі.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.