Елімізді озық отыздықтың қатарына қосу үшін азаматтық қоғамды дамыту қажет. Алматыда 25 елден келген беделді сарапшылардың басын қосқан «Level Up!» даму драйвері азаматтық бастама» атты халықаралық конференцияда айтылды. Мамандардың сөзінше, қазір бар шаруаны мемлекетке жүктеп қойып, қол қусырып отыратын кезең емес. Әлеуметтік мәселелерді оңтайлы реттеу үшін кез келген азамат бастама көтеріп, оған кәсіпкерлерді жұмылдыру арқылы қоғамды ізгілендіруге болады. Осылайша, қоғамның алға қарай жылжуына әсер етеді. Сондай-ақ, алқалы жиында азаматтық қоғам өкілдеріне арналған жалғыз жүлде «Level Up!» Prіze» сыйлығы табысталды. Осы байқауға 80 өтініш түскен. Ал, үздіктерін таңдау үшін 33 500 адам дауыс берген.
Меруерт Құрмашева, қоғамдық қордың өкілі:
- Негізі веб академияның ұйымдастырылуы осыдан бір жыл бұрын басталған болатын. Швеция ғалымдары веб академияны жасау бойынша бізді оқытты, курсқа қатысуға мүмкіндік берді. Қазақстандағы барлық мемлекеттік емес ұйымдар, сонымен қатар, Орталық Азиядағы мемлекеттік емес ұйымдар осы курстарды қолдануға құқылы.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.