Ақтөбеде коворкинг форматындағы алты кітапхана іске қосылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде коворкинг форматындағы алты кітапхана іске қосылмақ

13.06.2018

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Ақтөбе облысында оңтайлы іске асуда. Өңірдің төрт ауданы мен облыс орталығында коворкинг форматындағы алты кітапхана іске қосылмақ. Бұдан бөлек, жуырда еліміздегі балаларға арналған тұңғыш сауықтыру демалыс лагері жұмысын бастайды. Осындай бірнеше нысан бүгін Ақтөбеге жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа таныстырылды. 

Ақтөбе қаласының бес мектебінде «Нұр Отан» партиясының бастамасы аясында ІТ-класс ашылды. Енді оқушылар сандық технологияны меңгеріп, робототехникамен айналысады. Мәселен, 56-шы мектепте 15 бала 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, бағдарламалау және веб-сайтты құру жұмыстарын меңгеруде. Жыл соңына дейін тағы 15 білім ұясында осындай ІТ-кабинет іске қосылмақ.

Партиялық жобалардың игілігін өңірдегі елді мекендер де көріп отыр. Мәселен, Алға ауданының Бестамақ ауылында коворкинг форматындағы кітапхана ашылды. Онда балалар мен ересектерге бар жағдай жасалған. Мәулен Әшімбаев ауылда әмбебап стадионның ашылуына қатысып, жуырда жұмыс істей бастайтын «Күншуақ» лагерін де көрді. Онда 100-ден астам жеткіншек табиғат аясында демалады. Лагерьде 600-ден астам мүгедек баланың ем алуына мүмкіндік бар. Партия Төрағасының бірінші орынбасары «Бақытты бала» жобасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Бұл ретте «Ақтөбені өзге өңірлерге үлгі ету қажет», - деді.

Ақтөбеде ашылған жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы да назардан тыс қалмады. Қазақстанда баламасы жоқ ғимаратта 16 мен 29 жас аралығындағы балалар үйінің түлектері тұрып жатыр. Олар мамандық алып, тәжірибеден өтеді. Аймақта атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысы актив жиынында талқыланды. Онда партия жұмысын жаңғырту, цифрландыруды дамыту мәселелеріне ден қойылды.

Жұлдыз АЛМАСҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу