Қызылорда облысындағы сортаң жерді оазиске айналдырған экожоба - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы сортаң жерді оазиске айналдырған экожоба

13.06.2018

Қаласаңыз, құмдауыт, шөлейт жерді де оазиске айналдыруға болады. Оған нақты дәлел - Қызылорда облысында жүзеге асырылған экожоба. Жалағаш ауданындағы «Манақ баба» шаруашылығы 5 гектар сортаң жерді озық инновациялық технологияның көмегімен жасыл желегі жайқалған фермаға айналдырды.

3 гектар жерге алма ағашы, 2 гектар алқапқа көкөніс егілді. Бау-бақша қазір жерасты тамшылатып суару әдісімен өсіріліп жатыр. Су мен жарық Күн мен Желден алынады. Жасыл экономика. Шаруашылық бір ғана электр энергиясынан жылына 29 миллион теңге үнемдейді.

Норимаса Шимомура, БҰҰ Даму бірлестігінің Қазақстандағы тұрақты өкілі:  

- Шалғайдағы бұл ферма жаңа технологиялар мен заманауи тәсілдерді енгізу арқылы шаруашылықтың әлеуетін қалай арттыруға болатынан айқын көрсетіп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қызылорда облысында осындай тың бастамаға қолдау көрсеткеніне дән риза. Алдағы уақытта әріптестік байланыс нығайып, көптеген жобалар жүзеге асырылатынына сенімдімін. 

Экожоба Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Еуропалық Одақ қаржыландырады. Жобаның құны - 800 мың еуро. «Бұл қаржы 5 жылда өтеледі», - дейді мамандар. 5 гектардан 300 тонна өнім алуға мүмкіндік бар.    

Золтан Салаи, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілі:  

- Біз осы жобаның жүзеге асырылғанына өте қуаныштымыз. Бұл - үлкен жобаларға жетелейтін бастама.  Еуроодақ неге мұндай жобаларды қаржыландыруға мүдделі деп ойлайсыздар? Себебі, Арал өңірінің экологиялық ахуалы тек Қазақстанды ғана емес, барша адамзат баласын толғандыратын күрделі мәселе. 

Арал экологиясының зардабынан облыс аумағындағы 73 мың гектардан астам суармалы жерді сор басқан. Ал, одан ұшқан тұз аймаққа ғана емес, әлем экологиясына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, Еуропалық Одақ  қоршаған ортаны қорғау, шөлейтті жерді жасыл аймаққа  айналдыруды мақсат еткен жобаларды қолдауға әзір. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу