Биыл «Қазақ» газетінің жарық көргеніне -105 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Қазақ» газетінің жарық көргеніне -105 жыл

11.06.2018

Биыл Алаштың жоқтаушысына айналған «Қазақ» газетінің жарық көргеніне -105 жыл. Бұл - халқымыздың жалпыұлттық тұңғыш басылымы. Әр парағы тарихпен пара-пар газет Алаш баспасөзінің бастауы, ұлт жаршысы бола білді.

Қазақ баспасөзінің тарихында әуелі «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттері тұр. Бірақ, олар бірнеше тілде шықты. Ал, тек қазақ тілінде жалпұлттық көрініс алған әлбетте «Қазақ» газеті. Оның алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда жарық көрді. Бұған дейін 265 нөмірі деп келсек, кейін 266-шы нөмірі де табылды.

Ақылбек Шаяхметов, ақын, жазушы:

- «Қазақ газетінің өзінің бейнесі түндігі батысқа қарай ашылса, есігінде «қазақ» деген жазу тұрды. Орыс отаршылдары қырғыз деп келген халықты қазақ деп атауына игі ықпал жасады. Екіншіден, жастарды оқуға білімге, үндеді.

«Қазақ» газеті дегенде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мұстафа Шоқай, Мыржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы секілді Алаш арыстарының есімдері мен еңбегі қатар айтылады. Басылым сол кездің өзінде 3 мың данамен тараған. Себебі, «Қазақ» газеті ақпараттық бағытқа екпін түсіріп, шындықтың шырақшысы болған еді. 

Мейрамхан Жәпек, баспасөз тарихын зерттеуші:

- «Қазақ» газетіндегі материалдардың барлығы қазақтың ішкі қоғамында болып жатқан саяси-әлеуметтік мәселелердің бәрін ашық көрсетті. Ешкімнен тайсалған жоқ. Туысқаным, тамырым, танысым дегенге қараған жоқ.

«Қазақ» газетінің жарық көруіне әуелі Мұстафа Оразайұлы қаржылай көмектескен. Одан кейін елдің әр өңірінен ауқатты азаматтар демеушілік жасап отырыпты. Себебі, бұл басылым – халық үшін керек-тін.

Мейрамхан Жәпек, баспасөз тарихын зерттеуші:

- «Қазақ» газетінің бір кереметі, тек қана Қазақстанда тарамаған. Орынборда, Қытайға, кейін Түркияға да өткен.

Бүгінде «Қазақ» газеті – ата басылым. Ал, оның ізімен қазір елімізде мыңдаған газет-журнал жарық көрді. Осы ретте, басылымдар арасында өтетін «Үркер» байқауы биыл «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналған екен. Құптарлық іс. Қалай дегенмен, заман қанша құбылса да, Ахаңша айтқанда, «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қала бермек.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу