Ұлттық ұлан қызметкерлері мінген көліктен 162 келі бекіре тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық ұлан қызметкерлері мінген көліктен 162 келі бекіре тәркіленді

08.06.2018

Атырауда «Бекіре-2018» балық қорын қорғау акциясы қорытындыланды. Екі айға жалғасқан науқан нәтижесінде 1136 заң бұзушы анықталып, 20 тоннаға жуық балық тәркіленді. Мамандар аймақтағы су айдындары мен жол тораптарын қатаң бақылауға алып, арнайы орындарға тексеру бекеттерін қойды.

Акция кезінде тәркіленген бекіре балығының 162 келісі Ұлттық ұланның қызметкерлері мінген көліктен табылды. Оңай олжаға кенелмек болған әскерилер қазір қамауда.

Серік Жанұзақов, Атырау облыстық ІІД Балық қорын қылмыстық әрекеттерден қорғау бөлімінің бастығы:

- Бұл факт бойынша ҚР ҚК 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл сирек кездесетін балық өнімдерін тасымалдау, әкету, сату фактілері бойынша қозғалатын істер. Қазіргі істі Әскери полиция жүргізіп жатыр.

Балықтардың уылдырық шашу маусымында әдейі өткізілген науқан су маржандарын өсіретін зауыттар үшін өте тиімді болды. Мәселен, Атырау бекіре балық өсіру зауыты мемлекеттік тапсырысты артығымен орындап, теңізге 4 миллионға жуық балық жібермек.

Рашиден Қалидуллин, Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры:

- Шынын айтсақ, биыл браконьер азайды. Балықтың келу бағыты соған да байланысты деп ойлаймыз. 

Облыста балық шаруашылығы күн өткен сайын дамып келеді. Жекелеген кооперативтер қазір әлемдік талапқа жауап бере алады. Сондықтан, сапалы өнімге сұраныс та күшті. 

Атырауда жыл сайын 12 мың тонна балық ауланып, оның 80 пайызы әлемнің 10 еліне экспортталады. Сәйкесінше, импорт үлесі де азайған. Бұл дегеніңіз, ел экономикасына пайда түсіріп, су кешіп ау салған балықшылардың қажырлы еңбегін еселей түскендей.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу