Астана – жыл он екі ай спортпен шұғылдануға қолайлы қала - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана – жыл он екі ай спортпен шұғылдануға қолайлы қала

07.06.2018

Бас шаһарда орналасқан ірі кешендер ел мәртебесін көтеруге сүбелі үлес қосып келеді. Бұған көпшіліктің көзі VII Қысқы Азиада, футбол чемпионаттары кезінде жеткен болатын. Ал, бастысы, халықтың саулығын арттыруда орны бөлек. Елорданың жасы мен жасамысы жазғытұры ғана шынығып қоймай, қыстыгүні де ширақ қимылдап, шымыр болуға ұмтылады. 

«Алау» мұз айдынында қыста шорт-трек, коньки мен хоккей қызса, жазда балалар сайран салады. Көбісі ролик тебуге құштар. Сүрініп-жығылса да қайта тұрып, құмары қанғанша ойнайды.

Мұнда мектеп жанындағы лагерлерден келген оқушылар да бар. 70 жеткіншек. Жетпісі де мұзда сырғанап жүр. Алдияр мен Мәдияр есімді егіздер коньки тепкенді жаны сүйеді. «Алауға» барамыз дегенде, жеткенше асыққандардың бірі.

Алдияр Марсұлы, оқушы:

-Маған қатты ұнады. Мұздың үстінде бұрыннан сырғанап жүрмін.

 «Алау» атақты мұз айдыны. Дүниежүзілік рейтингте 17-орында тұр. Қысқы Азиада секілді байрақты бәсекелер өтті. Сондай стадионның қарапайым халыққа қолжетімді болғаны ата-аналарды қуантады.

Жадыра Жолдасбек, ұстаз:

-Кіру билетінің өзі қолжетімді. Бізді балалардың дүниетанымы кеңейіп, қызығушылығы артқаны қатты қуантты.

Нысаналы Ығыл, тілші:

-«Сарыарқа» велотрегі – елордаға сән беріп тұрған ғимарат. Сыртқы бейнесі велошабандоздардың шлемі тәріздес. Әлемдегі ең үздік спорт кешендері санатында. Велотректің ауданы – 45 мың, ал, мұз сырғанағы – 4 200 шаршы метрге жуық. Сыйымдылығы – 9 200-ден астам адам. Мұнда қосымша жекпе-жек спорт түрлері және жеңіл гимнастикаға қатысуға мүмкіндік бар.

Кәсіби велосипедшілер ғана емес, футболшыларға да арналған стадион бар. «Астана Арена» – доппен дос адамдарға таптырмас орын. Онда әр өңірден келіп жаттығады.

 «Астана Арена» шар тараптағы шатыры қозғалмалы алты стадион қатарында. Жылжымалы шатыры 20 минутта-ақ ашылып-жабылады.

Нысаналы Ығыл, тілші:

-Футбол стадионының артында хоккейге арналған алып спорт нысаны орналасқан. Мұны спортсүйер қауым жақсы білуі тиіс. «Барыс Арена». 86 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда хоккейден бөлек, түрлі спорт шаралары өтіп тұрады. Тартысты жарыстарды бір уақытта 12 мың адам тамашалай алады. Кешен 2 мұз айдыны, 50 метрлік олимпиадалық және көркем жүзуге арналған бассейндерімен ерекшеленеді. 

Біз тізбектеп өткен төрттік республикадағы ең ірі спорт кешендері. Үй аулаларындағы ашық жаттығу алаңдарын қоспағанда, Астанада ірілі-ұсақты 671 нысан бар. Сонда баратындардың басым бөлігін 6 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Алдияр мен Мәдияр да солардың сапында.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу