Шымкентте 1 миллионыншы тұрғынға пәтер берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 1 миллионыншы тұрғынға пәтер берілді

06.06.2018

Мемлекеттік маңызы бар мегаполис мәртебесіне ие болған Шымкент қаласының 1 миллионыншы тұрғынына бүгін екі бөлмелі пәтер сыйға берілді. Айсұлу есімді шаһардың ең кішкентай тұрғыны осыдан 20 күн бұрын дүниеге есігін ашқан. Күллі шаһар жұртшылығына зор қуаныш сыйлаған сәбидің тегі де ерекше. Еламан. Яғни, ол барша қазақ елінде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық орнап, аман болсын деген ізгі тілекті де ала келді.

Айсұлу мамыр айының 17-күні, биылғы қасиетті Рамазан айының алғашқы күні дүние есігін ашты. Онысын жақсы ырымға балап жүрген ата-анасы перзенттері шаһардың миллионыншы тұрғыны болып туылды дегенді естігенде сенер сенбес күйде болған-ды. 

Айжан Ахайбекова, Айсұлудың анасы:

- Өзі қасиетті қыз, құлағында түймесі бар. Бәрі түйме қыз деп перзентханада күліп жатыр.

Ал, кішкентай Айсұлудың әкесі Самат Шымкенттегі ауруханалардың бірінде орта буындағы медицина қызметкері болып жұмыс істейді. Сарыағаш ауданындағы Ошақты ауылының тумасы.  Көпбалалы үйде өскен Самат келешекте отбасылық  дәстүрді жалғап, перзентінің көптігімен мерейі тасыған  шаңырақ иесі болсам деп арман етеді.

Самат Еламанов, Айсұлудың әкесі:

- Қаламыз үшінші мегаполис болып жатыр. Міне, қызымыз миллионыншы. Біз әлі жас отбасымыз.

Былтыр отау көтерген Самат пен Айжан осыған дейін әке-шешесінің қолында тұрып келді. Шаһардың аядай тар пәтерінде 8 жан күнелткен. Енді аумағы 60 шаршы метр болатын өз үйі, өлең төсегі бар.

Қайрат Молдасейітов, облыс Мәслихатының депутаты:

- Біздің еліміз үшін әрбір адам біздің байлығымыз. Ал, Шымкент қаласына келсек, бүгінгі миллионыншы азамат үлкен тарихи оқиға. Шымкент жаңа өмірге қадам басып отыр. Мемлекеттік маңызы бар қала болу үлкен мәртебе.

Өз босағаларында қоныс тойын өткізген Самат пен Айжан «перзенттерімізді саналы, тәлімді азамат етіп өсіру - басты міндетіміз. Отбасымызға жасалған жақсылықтың өтеуі осы болмақ», дейді.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ 

Хабарламаларға жазылу